Павлодар облысында қолайсыз ауа райының салдарын жою шаралары қаралды
Облыс әкімі Асайын Байханов төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссияның отырысын өткізді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Отырыста 10-13 наурыз күндері өңірде орын алған қолайсыз ауа райының салдары және оларды жою шаралары қаралды.
Өңір басшысы дауылды жел, қатты боран және ауа температурасының күрт төмендеуі облыстың бірқатар елді мекендерінде тіршілікті қамтамасыз ету жүйелерінің тұрақты жұмысына кері әсер еткенін атап өтті.

12-13 наурыз күндері ауа райының күрт бұзылуына байланысты облыста барлық бағыттар бойынша автокөлік жолдары жабылды. 13-14 наурыз күндері жолдарды тазартуға 147 бірлік арнайы техника жұмылдырылды.
Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Рустамбек Амрин 9-12 наурыз аралығында Павлодар облысы аумағында жылдамдығы 30 м/с дейін жеткен солтүстік-батыс циклоны өткенін баяндады. Облыстың бірқатар аумағында қатты боран, бұрқасын және дауылды жел тұрып, облыс аумағының 80%-ында қар қорының ұлғаюына әсер етті. Осыған байланысты қарды тазалау және шығару жұмыстары, әсіресе шалғай жатқан елді мекендерде, күнделікті бақылауға алынды. Қазгидрометтің дерегіне сәйкес, облыс аумағының басым бөлігінде қардың қалыңдығы 2-ден 20 см-ге дейін айтарлықтай артқан. Ақтоғай мен Шарбақты аудандарында қардың қалыңдығы 10-20 см шамасында тіркелді.

Облыстағы 58 елді мекен су тасқыны қаупі бар аймақтарға жатқызылды. Бүгінгі таңда ауылдық аудандардан 196 мың тоннадан астам қар шығарылды.
Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ержан Иманзаипов 10 наурыз күні екпінді жел соғып, электр қуатының жаппай апатты сөнуіне әкеп соқтырғанын хабарлады. Жалпы қолайсыз ауа райы кезеңінде облыстың 96 ауылдық елді мекенінде электр қуаты ажыратылды. Қалпына келтіру жұмыстарына 43 авариялық бригада және 100-ден астам маман тартылды. Орын алған ақаулардың 60 пайыздан астамы бір тәулік ішінде жойылды. Өңір бойынша электрмен жабдықтау толықтай 13 наурыз күні сағат 18:00-ге дейін қалпына келтірілді.

Комиссия отырысы барысында Асайын Байханов қалалар мен аудан әкімдерінің есебін тыңдап, жергілікті жерлердегі жағдай туралы ақпарат алды.
Өңір басшысы Екібастұз қаласындағы жағдайға ерекше назар аударды. Табиғи апаттың салдарынан энергетиктер қаласында 75 көпқабатты тұрғын үйдің, тоғыз әлеуметтік нысанның және бір әкімшілік ғимараттың шатыры зақымданды. Қазіргі уақытта ғимараттарға тексеру жүргізіліп, келтірілген шығын көлемі нақтылануда.
Қалада жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Табиғи апаттан зардап шеккен жеке және заңды тұлғалардан өтініштер қабылдау жалғасуда.
Ақсу қаласында қолайсыз ауа райының салдарынан 32 нысанның, оның ішінде тұрғын үйлер мен инфрақұрылым нысандарының шатырлары зақымданды. Сондай-ақ бір көпқабатты тұрғын үйдің қасбетінің бір бөлігі құлаған. Апаттың салдарын жедел жою үшін 12 наурыз күні қалада табиғи сипаттағы төтенше жағдай режимі енгізілді.

Ақтоғай ауданында дауылды жел Мүткенов, Жаңатап, Жаңабет, Естай, Жолболды, Қожамжар, Қайран, Қараой, Жамбыл, Шұға, Шілікті, Балтасап және Қарасу ауылдарын қоса алғанда, бірқатар елді мекендерде электр қуатының өшуіне себеп болды. Қазіргі уақытта ауданда электрмен жабдықтау толық қалпына келтірілді.
Баянауыл ауданы аумағында да инфрақұрылым нысандары мен тұрғын үй қоры зақымданған. 38 ауылдық елді мекеннің 37-сінде электр қуатының өшуі тіркелді. Алғашқы тәулікте 30 ауылда электр жарығы қалпына келтіріліп, қалған елді мекендер келесі тәулікте қосылды. Сонымен қатар боранның салдарынан 198 бас ұсақ мал, екі бас ірі қара және 82 жылқы қырылғаны атап өтілді. Қазіргі уақытта жоғалған 600-ден астам қойды іздестіру жұмыстары жүргізілуде.
Аққулы ауданының аумағында 10 елді мекенде электр энергиясының апатты өшуі тіркелді. Авариялық бригадалардың жедел жұмысының арқасында электрмен жабдықтау 11 наурыз күні қалпына келтірілді.
Павлодар ауданының аумағында дауылды желдің салдарынан электр қуатының өшуінен бөлек Шақат, Кемеңгер және Ямышев орта мектептерінің шатыры зақымданды.