Павлодар облысында үйлері жоқ тұрғындар аз пайыздық несиемен баспана ала алады

Павлодар облысында үйлері жоқ тұрғындар аз пайыздық несиемен баспана ала алады
Фото: Константин Шелков

Отбасы банктің жаңа «Наурыз» және «Отау» мемлекеттік бағдарламаларына өтініш беру басталды, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Отбасы банк» АҚ бизнес дамыту бөлімінің басшысы Арман Нұрғаламовтың айтуынша, 16 қыркүйектен бастап 25 қыркүйекке дейін аталмыш бағдарламаларға өтініштер қабылдау басталды. 

Халықтың осал топтары үшін – сыйақы мөлшерлемесі жеті пайыз, 18 жастан 63 жасқа дейінгі ҚР қалған азаматтары үшін – тоғыз пайыз. Ең жоғарғы мерзім – сегіз жыл. Бастапқы жарна – 20 пайыз. Бағдарламаға қатысуға өтініш берген кезде депозиттегі ең төменгі сома – бір миллион теңге. 

– Бағдарлама қатысушыларына қойылатын басты талаптар бойынша несие қабілеттілігін талдау әдістемесіне сәйкес келетін ресми табыстың болуы, өтініш берушінің және отбасы мүшелерінің соңғы бес жылда басында баспанасы болмауы тиіс, – деді Арман Нұрғаламов. 

Оған қоса, Павлодар қаласы бойынша тек қана жаңа үй алуға болады,  моноқалалар, яғни Ақсу және Екібастұз немесе аудандарда екінші нарықтағы үйлерді алуға рұқсат етіледі. Сонымен қатар, бағдарламаға қатысушылар еліміздің барлық қалаларынан үй алуға мүмкіндігі бар. 

– Астана және Алматы қалалары үшін  ең жоғарғы қарыз сомасы – 36 миллион теңге. Ал басқа қалаларда – 30 миллион теңге. Өтініштер онлайн түрде «Баспана Маркет» жылжымайтын мүлік порталында қабылданады, – деді бөлім басшысы. 

Бұл ретте, рейтинг бірқатар параметрлер бойынша балдарды есептеу арқылы өтініштерді қабылдау аяқталған күнгі жағдай бойынша жүргізіледі. Мысалы, балалардың болуы – 10 балл, тіркелген некенің болуы – бес балл, қатысушының жасы 35 жасқа дейін  болса, бес балл қосылады.