Павлодар облысында үздік ауыл атағы берілген елді мекен анықталды

Павлодар облысында үздік ауыл атағы берілген елді мекен анықталды
Фото: Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Енді бұл ауыл республикалық деңгейдегі конкурсқа қатысады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Шаһарда республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында «Үлгілі ауыл» атты байқаудың аймақтық кезеңі өтті. Оған жиырмаға жуық елді мекен қатысып, он бір ауыл екінші іріктеу турына жолдама алды. Соның ішінде үш ауыл жеңімпаз деп танылып, үздік нәтижелерімен ерекшеленді.

Жобаны облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы ұйымдастырды.

Бұл – Президенттің тапсырмасына сәйкес қолға алынған жоба. Басты мақсаты – ауылдық елді мекендердің дамуына ықпал ету, халықтың экологиялық санасын арттыру. Сонымен қатар тұрғындардың қоғамдық орындарға деген құрметін күшейту көзделді, – деді басқарма басшысы Сағын Төлеутаев.

Бағалау барысында ауылдардың жолы, су жүйесі, жарығы, әлеуметтік нысандары, мәдениеті, спорт инфрақұрылымы, экологиялық жағдайы және жасыл технологияларды енгізу деңгейі есепке алынды.

Байқауда жиырмадан астам өлшемшарттар қолданылды. Тек тазалық емес, ауылдағы әлеуметтік-экономикалық жағдай, медициналық қызмет сапасы да назарға алынды. Сондай-ақ жергілікті кәсіпкерлердің ауылға қосқан үлесі, жасыл технологияларды енгізуі бағаланды, – деді «ЭКОМ» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Галина Могилюк.

Қатысушы ауылдардың бірі – Кемеңгер. 3300-ге жуық тұрғыны бар елді мекен соңғы жылдары қарқынды дамып келеді. Жыл сайын елді мекенде көшеттер отырғызу жұмыстары жүргізіледі. Былтыр 90 қарағай отырғызылса, биыл 65 қарағай отырғызылды.

–  2022 жылы 675 аулаға су құбыры жеткізілді. Он жеті шақырым жолдың 12 шақырымына жол төселді. Былтыр ауыл толық жарықтандырылды, – деді ауыл әкімі Асылбек Вакпаев.

Ал облыс намысын республикалық кезеңде қорғайтын Орловка ауылы жеңісті бірліктің арқасы деп санайды.

Біздің басты күшіміз – адамдар. Бүгінгі марапат – олардың еңбегінің нәтижесі. Бізде «таза жұма», сенбіліктер, жасыл көшеттер отырғызу дәстүрге айналған. Тұрғындарымыз экологиялық мәдениетін қалыптастырып келеді, – деді ауыл әкімі Ирина Галлямова.

Үздік деп танылған ауылдарға 500 мың теңгеден сыйақы, кубок пен арнайы сертификаттар мен мүсіншелер берілді. Сонымен қатар облыс әкімі атынан сыйлық ретінде қызметтік көліктер табысталады.

Республикалық «Үлгілі ауыл» байқауының финалы 11 қазанда өтеді. Павлодар облысы атынан сынға түсетін Орловка ауылы өңір намысын лайықты қорғау үшін дайындалуда.

Фото: автор