Павлодар облысында әлеуметтік инспекторлар нысандарды тексерді

Павлодар облысында әлеуметтік инспекторлар нысандарды тексерді
Фото:pixabay.com

Салалық басқарманың жұмысына көңілі толмаған тұрғынның шағымы елеусіз қалған жоқ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz. 

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Павлодар облысы бойынша департаменті жеке тұлғаның өтініші негізінде облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына комиссияның қабылдау тәртібін сақтауы және әлеуметтік қызметтер порталында жеткізушілерді тіркеу және тіркеуден шығару сұрақтары бойынша жоспардан тыс тексеру жүргізді. 

Тексеру қорытындысы бойынша субъектіге ұйғарым шығарылды.

Бұл ретте әлеуметтік инспекторлардың айтуынша барлық өңірлерде мүгедектігі бар адамдар үшін әлеуметтік инфрақұрылымды бейімдеудегі оң өзгерістер бар. Мұны ерекше қажеттіліктері бар адамдар да растайды.  

– Мәселен, №3 және №4 қалалық емханалардың аумағында мүгедектерге арналған көліктер тұрағы бар, ал кіреберіс пандустармен жабдықталған. Емхана ғимараттарының кіреберісіне көзі нашар көретіндер үшін мнемосхемалар, ғимараттардың өзінде тактильді жолақтар және мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған санитарлық-тұрмыстық бөлмелер қарастырылған. «Баянтау» спорт сарайы, «Автомобилист» спорт кешені, «Olimpic» бассейні – ерекше қажеттіліктері бар адамдардың спортпен шұғылдануына барлық жағдай жасалған спорт нысандары, – деп бөлісті Павлодар қаласының тұрғыны, бірінші топтағы мүгедек Юлия Петрусева.

Айта кетейік, республика бойынша 2025 жылдың басынан бері әлеуметтік инспекторлар 430 тексеру жүргізді, оның 201-і жоспардан тыс, 99 – профилактикалық бақылау шеңберінде, 130 – прокуратураның талабы бойынша өтті. Тексеру қорытындысы бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы 192 ұйғарым берілді, 28,8 млн теңгеден астам сомаға 341 айыппұл салынды.