Павлодар облысында әлеуметтік меморандумдар аясындағы жұмыстар сараланды
Асайын Байханов өңірдің ірі кәсіпорындарымен жасалған әлеуметтік меморандумдардың іске асырылуы бойынша жиналыс өткізді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жиналыста міндеттемелердің уақытылы орындалуы, белгіленген мерзімдердің сақталуы және «Самұрық-Энерго» АҚ, «АК Алтыналмас» АҚ, ERG және «ЕГМК» АҚ компанияларымен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан негізгі әлеуметтік жобалар бойынша жұмыстарды үйлестіру мәселелері қаралды.
«Самұрық-Энерго» АҚ-мен жасалған меморандум аясында Екібастұз қаласында әрқайсысы 240 орындық екі балабақша, спорт кешені, 320 пәтерлі тоғыз қабатты тұрғын үй, Екібастұз ЖЭО-ның әкімшілік-тұрмыстық кешені салынып, қаланы көгалдандыру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізу көзделген.
Екібастұз қаласы әкімдігінің мәліметінше, алғашқы балабақшаның құрылысы биылғы жылдың тамыз айында басталады. Екінші балабақша мен спорт кешенін іске асыру 2027 жылға жоспарланған. Жалпы ауданы 21,6 мың шаршы метрден асатын тұрғын үй кешенін жобалау жұмыстары жалғасуда, құрылыс шілде айында басталады деп жоспарланып отыр.
Талқылау қорытындысы бойынша өңір басшысы Екібастұз қаласының әкіміне 1 шілдеге дейін әлеуметтік нысандар құрылысына арналған жер телімдерін рәсімдеуді аяқтап, жобалық құжаттаманы дайындау жұмыстарын жеделдетуді тапсырды.
Сондай-ақ жиналыста «АК Алтыналмас» АҚ-мен жасалған меморандум аясында Майқайың кентінде жүзеге асырылып жатқан жобалардың орындалу барысы қаралды. Мұнда орталық қазандық пен жылу желілерін қайта жаңғыртуға дайындық жұмыстары жүргізілуде, балалар өнер мектебінің жаңа ғимаратының құрылысы басталды. Сонымен қатар, «Шанхай» шағын ауданының тұрғындарын көшіру бағдарламасы жалғасуда: 70 үй сатып алынды, 28 құрылыс нысаны сүрілді, 59 нысан бойынша бұзу туралы шешімдер шығарылды. Облыс әкімі тұрғындарды бекітілген кестеге сәйкес көшіру жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.
ERG және «ЕГМК» АҚ-мен жасалған меморандумдар аясында да бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылуда. Павлодар қаласында облыстық оңалту орталығын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілсе, Екібастұз қаласында 140 орындық инклюзивті балабақша мен Атығай ауылында 120 орындық мектептің құрылысы жалғасуда.
Сондай-ақ Ақсу қаласында саябақ пен бассейн салу, Торайғыр көлінің жағажайын және Баянауыл ауылында саябақты абаттандыру, Майқайыңдағы кәріз желілерін қайта жаңғырту, Павлодар қаласында экстремалды спорт паркін салу мәселелері талқыланды.
- Бүгінде әлеуметтік меморандумдар аясында жүзеге асырылып жатқан барлық жобалар тұрғындардың өмір сапасына тікелей әсер етеді. Сондықтан әрбір нысан тұрақты бақылауда болуы тиіс, ал туындайтын мәселелер жедел әрі тиімді шешілуі қажет, - деп атап өтті Асайын Байханов.
Жиналыс қорытындысын шығара отырып, өңір басшысы мерзімдердің сақталуы, жұмыстардың жоғары сапасы және қаражаттың тиімді пайдаланылуы әлеуметтік меморандумдарды іске асыруға қатысушы барлық тараптарға қойылатын негізгі талаптар болып қала беретінін атап өтті.