Павлодар облысында 103 бригадасы жүкті әйелді реанимобильде босандырып алды
Оқыс жағдай бір күн бұрын болған, деп хабарлайды @Рavlodarnews.kz.
Облыстық жедел жәрдем станциясының мәліметінше, барлық медициналық процедуралардан кейін жедел жәрдем анасы мен баласын облыстық перинаталдық орталыққа жеткізді.
Павлодар ауданының Набережное ауылынан «103» желісіне шақыру сағат 19:11-де келіп түскен. Жүктіліктің 40-шы аптасында болған 23 жастағы келіншектің толғағы жиілеген. Шақыруға бірінші болып жіберілген ең жақын фельдшерлік бригада 14 минуттан кейін шақырту орнында болды. Осы уақытта арнайы акушерлік-гинекологиялық бригада кездесуге аттанды.
– Науқасты облыстық перинаталдық орталыққа жеткізу туралы шешім қабылданды, бірақ ол тасымалдау кезінде босанып қалды, – дейді аймақтық жедел жәрдем станциясы бас дәрігерінің орынбасары Ирина Мищенко. – Біздің бригада босану кезінде жылу тізбегін сақтай отырып, нұсқаулыққа сәйкес әрекет етті. Сағат 20:09-да жаңа туған қыз бен оның анасы перинаталдық орталықтың мамандарына тапсырылды.
Айта кетерлігі, 103 қызметкерлері осымен жыл басынан бері облыста 19 ананы босандырып алған.