Павлодар облысында 200-ден астам сертификатталмаған пиротехника тәркіленді
Өңірде «Пиротехника» іс-шарасын өткізу кезеңінде пиротехникалық заттарды заңсыз өткізудің 15 фактісі анықталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 136 дана және 95 қорап пиротехникалық зат пен бұйым тәркіленді.
– Назарбаев даңғылы, 297/1 мекенжайындағы дүкеннің жанында пиротехникалық бұйымдарды сату фактісі анықталды. Полицейлер пиротехникалық бұйымдарды 25 рет ататын екі қорапты тәркіледі. Сондай-ақ, Екібастұз қаласында сауда үйлерінің бірінің іргелес аумағында пиротехникалық бұйымдарды заңсыз сату тоқтатылып, 15 дана өнім тәркіленді, – деді облыстық полиция департаменті әкімшілік полициясының бастығы Борис Әлімбаев.
Бұдан басқа, полицейлер әлеуметтік желілерді мониторингілеу кезінде Екібастұз қаласында Беркімбаев көшесіндегі дүкендердің бірінде пиротехникалық бұйымдарды сату фактісін анықтады.
Барлық бұзушыларға қатысты заңсыз сауда жасағаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 196-бабы бойынша 25 АЕК мөлшерінде айыппұл салумен әкімшілік хаттама толтырылды.
Еске сала кетейік, 2023 жылғы 25 желтоқсан - 2024 жылғы 3 қаңтар аралығында облыс аумағында «Пиротехника» жедел профилактикалық іс-шарасы өтті. Негізгі мақсат – сертификатталмаған өнімдердің заңсыз сауда фактілерін анықтау және жолын кесу.