Павлодар облысында жеті жаңа нысанға қолжетімділік декларациясы берілмеді
Ғимараттар мүмкіндігі шектеулі жандардың қажеттілігіне толық бейімделмеген болып шықты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңірде ерекше қажеттілігі бар азаматтар үшін қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы талаптар күшейтілді. Шілде айынан бастап құрылыс кодексінің енгізілуіне байланысты нысандардың қолжетімділігін бақылау бойынша департаменттің функциялары кеңейтілді.
Бұған дейін жаңадан пайдалануға берілетін, қайта жаңғыртылған немесе күрделі жөндеуден өткен нысандар бойынша сәйкестік құжатына жергілікті атқарушы органдар, яғни жұмыспен қамту бөлімдері қол қойған. Қазіргі уақытта бақылау тетігін күшейту мақсатында бұл міндет Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне берілді. Павлодар облысында аталған функцияны тиісті департамент атқарады.
Қазақстан Республикасы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Павлодар облысы бойынша департамент басшысы Алмагүл Мұхамедованың айтуынша, енді жаңа нысандардың қолжетімділігі жөніндегі сәйкестік құжатына комитеттің облыстық департаменті қол қояды.
– Мамандар құрылыс нысандарын барып тексереді. Олар пандустардың, кіреберістердің, есік енінің, арнайы санитарлық бөлмелердің, тактильді белгілердің, дыбыстық навигацияның және автотұрақ орындарының талапқа сәйкестігін бағалайды. Егер ғимарат белгіленген талаптарға сай келмесе, аталған құжатқа қол қойылмайды, – деді Алмагүл Мұхамедова.
Департамент басшысының айтуынша, бағалау жұмыстары қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілер мен мемлекеттік стандарттарға сәйкес жүргізіледі. Егер нысан белгіленген талаптарға сәйкес келсе, департамент сәйкестік құжатына қол қояды. Ал ғимарат мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған қолжетімділік талаптарына сай болмаса, құжат рәсімдеуден бас тарту туралы шешім қабылданады.
– Жаңа тәртіп күшіне енгеннен кейін облыста жеті құрылыс нысаны аталған құжатты алу үшін өтініш берген. Өтініштер eOtinish жүйесі арқылы келіп түскен. Департамент мамандары барлық нысанды тексергенімен, олардың ешқайсысына сәйкестік декларациясы берілмеді. Бас тартудың негізгі себебі – ғимараттардың мүмкіндігі шектеулі және жүріп-тұруы шектеулі азаматтар үшін қолжетімділік талаптарына сәйкес келмеуі. Жеті нысанның қатарында стоматология, кафе, мешіт, тұрғын үй және басқа да нысандар болған, – деді ол.
Департамент Кәсіпкерлік кодексі аясында бақылау функцияларын жүзеге асырады. Тексерулер жоспарлы және жоспардан тыс түрде жүргізіледі. Жоспарлы тексерулер арнайы әлеуметтік қызмет көрсететін ұйымдар мен жұмыспен қамту бөлімдеріне қатысты ұйымдастырылады.
Ал жоспардан тыс тексерулер жеке немесе заңды тұлғалардан өтініш түскен жағдайда жүргізіледі. Егер қандай да бір нысанның мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолжетімді емес екені анықталса, мамандар тексеру жүргізеді. Факт расталған жағдайда ұйымға немесе жауапты лауазымды тұлғаға әкімшілік шаралар қолданылады.
Бұған дейін жүргізілген тексерулер барысында әкімдік ғимараттары, спорт және мәдениет нысандары қаралған. Аталған нысандар бойынша бастапқы тексеруді прокуратура жүргізіп, кейін материалдарды әкімшілік шара қолдану үшін департаментке жолдаған.
– Жиі кездесетін заңбұзушылықтардың қатарында пандустардың дұрыс орнатылмауы, есік ойықтарының талапқа сәйкес келмеуі, санитарлық бөлмелердің бейімделмеуі, тактильді белгілердің, шақыру батырмаларының және арнайы автотұрақ орындарының болмауы бар. Мәселен, есік ойығының ені белгіленген талап бойынша 90 сантиметр болуы керек. Алайда кейбір нысандарда бұл көрсеткіш 70-80 сантиметр деңгейінде болған, – деді Алмагүл Мұхамедова.
Бұл талаптар меншік түріне қарамастан барлық инфрақұрылым нысандарына қатысты қолданылады. Инклюзивті саясат талаптарына сәйкес, әрбір мемлекеттік орган, заңды тұлға және жауапты лауазымды тұлға мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қолжетімді ортаны қамтамасыз етуге міндетті. Бұл тәсіл Қазақстан Республикасының 2025–2030 жылдарға арналған инклюзивті саясат тұжырымдамасында қарастырылған.