Павлодар облысында 400-ге жуық көлік қар құрсауында қалды
Ауа райының нашарлауына байланысты тоғыз бағыт бойынша автожолдар жабылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, жолдарда полиция бекеттері қойылған. ТЖД қызметі күшейтілген нұсқаға ауыстырылды, бекеттерде арнайы жоғары өтімді техника, вахталар қойылды, қызметкерлер кезекшілік етеді, азаматтармен бірлескен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
– Облыс бойынша барлығы 384 техника тұрып қалған: оның ішінде жүк көлігі – 330, жеңіл көлік – 51, автобустар – 3. Барлығы – 609 адам. Жылыту пункттерінде 32 адам орналастырылған. Облыс әкімдігі ыстық тамақ ұйымдастырды, – дейді департаментте.
Облыс бойынша барлығы 189 жылыту пункті бар. 1-11-сыныптарға арналған сабақтар қашықтықтан оқыту форматына ауыстырылды. Халықты жедел ақпараттандыру мақсатында ауа райының нашарлауы және автожолдардың жабылуы туралы ақпарат «Дәрмен» қосымшасында орналастырылады.
Сондай-ақ төтеншеліктер Шарбақты ауылынан Ресей Федерациясына қарай 10 шақырым жерде, жолдың шетінде тұрып қалған жүргізушіге көмектесіп, көлікті қар үйіндісінен шығарды. Хабарлама сағат 06.35-те түскен. Оқиға орнына шыққан ТЖД қызметкерлері көлікті қар құрсауынан босатып, автокөлікті Шарбақты ауылына сүйреп жеткізді.
Павлодар облысының ТЖД тұрғындарға қырағы болуды, алыс сапарларға шықпауды ескертеді, өңірде дауылды ескерту жарияланған.