Павлодарлықтар үйде сақталған заңсыз қаруды тапсырып, сыйақы ала алады

Павлодарлықтар үйде сақталған заңсыз қаруды тапсырып, сыйақы ала алады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Облыс аумағында халықтан заңсыз сақталған қару-жарақ, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды сатып алу бойынша кезекті акция өткізіліп жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Іс-шара қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқықбұзушылықтардың алдын алу және қауіпті заттардың заңсыз айналымына байланысты тәуекелдерді азайту мақсатында ұйымдастырылған.

– Акция аясында азаматтар өздерінде тіркелмеген қару-жарақты, оқ-дәрілерді немесе жарылғыш заттарды ерікті түрде тапсырып, сол үшін ақшалай сыйақы ала алады. Сонымен қатар, мұндай заттарды өз еркімен тапсырған тұлғалар, егер олардың әрекеттерінде басқа құқықбұзушылықтар болмаса, әкімшілік және қылмыстық жауапкершіліктен босатылады, – деді облыстық полиция департаментінде. 

Құқық қорғау органдарының өкілдері бұл акция тек қауіпті заттарды заңсыз айналымнан шығару ғана емес, сонымен бірге азаматтардың құқықтық санасын арттыруға бағытталғанын атап өтті. Халық арасында қару айналымы саласындағы заңнаманы қатаң сақтау қажеттігі жөнінде түсіндіру жұмыстарына ерекше көңіл бөлінеді.

Акцияға қатысу үшін тұрғындар жергілікті полиция бөлімшелеріне жүгінуі немесе заңсыз сақталған заттар туралы хабарлауы қажет. Ішкі істер органдары қызметкерлері қару-жарақ пен оқ-дәрілерді тапсыру кезінде құпиялылық пен қауіпсіздікке кепілдік береді.