Павлодар облысында 500-ге жуық шараның қорытындысы шығарылды

Павлодар облысында 500-ге жуық шараның қорытындысы шығарылды
Фото: Айбек Жұматов

Торайғыров университетінде «Тіл – достық құралы» этнофестивалі өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Тіл мерекесіне арналған шарада мемлекеттік тілдің мәртебесі, этностар тілін дамыту және қоғамдағы тілдік татулық мәселелері сөз болды.

Жыл сайын қыркүйек айында ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай тіл мерекесі аталып өтеді. Бұл – ана тілінің мәртебесін ұлықтап, ғалымның тіл біліміне сіңірген еңбегін насихаттауға арналған маңызды шаралардың бірі. Ал «Тіл – достық құралы» фестивалінің негізгі мақсаты – тілге деген құрметті арттыру, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, түрлі этнос өкілдерінің өзара түсіністігі мен бірлігін нығайту.

Павлодар облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқанның айтуынша, фестиваль жыл сайын ұйымдастырылғанымен, өзектілігін жоғалтқан емес.

– Тіл – ұлттарды бөлетін емес, керісінше, түрлі этнос өкілдерінің бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүруіне, бір-бірін түсінуіне және достық қарым-қатынас орнатуына мүмкіндік беретін үлкен құрал. Бір ай көлемінде өңірімізде бес жүзге жуық іс-шара ұйымдастырылды. Кітапханаларда, мәдениет үйлерінде өзге этнос өкілдерімен кездесулер, дөңгелек үстелдер, пікір алмасулар өтті. Осы іс-шараларда тілдің қолданылу аясын кеңейту, оны оқып-үйренуге жағдай жасау және этностар тілдерін дамыту мүмкіндіктері талқыланды, – дейді Медет Тауасқан.

Өңірде мемлекеттік тілді меңгеруге де ерекше көңіл бөлініп отыр. Бұл мақсатқа жыл сайын 80 миллион теңгеден астам қаражат бағытталады. Биыл 2,5 мыңға жуық адамды мемлекеттік тілге тегін оқыту жоспарланған.

Фестиваль аясында тіл саласына үлес қосып жүрген азаматтар да марапатталды. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Құрмет грамотасына Ертіс ауданының ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Алтынай Тілеуова, Павлодар қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің тілдерді дамыту секторының меңгерушісі Мейрам Нұғыман және облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ономастикалық жұмыс және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Қымбат Сәкенова ие болды.

Алтынай Тілеуованың айтуынша, ауданда мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

– Тілді тек үйретіп қана қоймай, оны күнделікті өмірде еркін қолдануға мүмкіндік беретін түрлі интеллектуалды ойындар, акциялар мен жобалар ұйымдастырамыз. Тұрғындарға қазақ тілін үйренуге арналған тегін курстар да өткізіледі. Тіл – тек ереже немесе құжат тілі емес, ол – күнделікті қарым-қатынасымыздың бір бөлігі. Сондықтан көрнекі ақпараттардың тіл заңнамасына сәйкестігіне тұрақты түрде мониторинг жүргіземіз. Биыл осындай жұмыстардың нәтижесінде екі жағдайда әкімшілік іс қозғалды, – дейді Алтынай Тілеуова.

Фестивальде қазақ тілін өзге ортада насихаттап жүрген тіл жанашырларының да еңбегі атап өтілді. Солардың бірі – Баянауылда туып-өскен, ұлты орыс, қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын меңгерген Диана Желкобаева. Орыс сыныбында білім алған ол бүгінде қазақ тіліндегі кітаптарды оқып, тілге қатысты түрлі іс-шараларға белсенді қатысады.

– Қазақ тілі мен үшін мемлекеттік тіл ғана емес, туған тілім сияқты. Менің ойымша, қазақ тілін білу – әр азаматтың парызы. Қазақ тілін жастарға ғана емес, ересектерге де қызықты етіп үйретудің жаңа жолдарын қарастырған жөн. Мысалы, жұмыстан кейін жиналып, кітап оқып, оны бірге талқылайтын, еркін сөйлесіп, пікір алмасатын қазақ тілі клубтары болса, адамдардың тілді үйренуге деген қызығушылығы арта түсер еді. Ең бастысы, қазақ тілін үйренуді міндет емес, қызығушылықпен қабылдату керек, – дейді Диана Желкобаева.

Фестивальдің ресми бөлімі концерттік бағдарламаға ұласты. Көрермен назарына Ахмет Байтұрсынұлы, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Жүсіпбек Аймауытов және Мағжан Жұмабаевтың шығармашылық мұрасына арналған «Алаш қайраткерлері» поэтикалық сахналық қойылымы ұсынылды.

Кештің көркін Павлодар облысының этномәдени бірлестіктерінің шығармашылық ұжымдары қыздырды. Сахнада татар-башқұрттың «Чишмя» ансамблі, украиндардың «Лілея» вокалдық тобы, немістердің «Нетте Фрауэн», поляктардың «Нарцыз» ансамбльдері өнер көрсетті. Сондай-ақ Торайғыров университетінің әншілері мен би ұжымдары да өз өнерлерін ортаға салды.