Павлодар облысында 80 мыңнан астам жүргізуші жол ережесін бұзғаны үшін жауапқа тартылды
Олардың бәріне әкімшілік жаза қолданылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, тәртіп сақшылары күн сайын жолдарда жылдамдық режимін және өзге де жол қозғалысы ережелерін бұзған жүргізушілерді анықтап, жауапкершілікке тартып келеді.
– Тәжірибе көрсеткендей, жол-көлік оқиғаларының көпшілігі жүргізушілердің қозғалыс жылдамдығын дұрыс таңдамауынан болады. Жол қозғалысы ережелерін сақтамаған жүргізуші жаяу жүргіншіні қағып кетуі немесе басқа көлік құралдарымен соқтығысуы мүмкін, – деді әкімшілік полициясы басқармасының бастығы Бәкібай Ахмадьянов.
Мәселен, Павлодар қаласында «Toyota» автокөлігінің жүргізушісі сары бағдаршам белгісіне өтіп кеткені үшін тоқтатылды. Осындай құқық бұзушылықты Мәшһүр Жүсіп көшесінде келе жатқан «KIA» автокөлігінің жүргізушісі де жасаған. Екі жүргізуші де әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға айыппұл салынды.
Жыл басынан бері Павлодар облысында жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін 83 092 жүргізуші жауапқа тартылды.
Полицейлер жүргізушілерді белгіленген жылдамдық режимін сақтап, жол қозғалысы ережелерін қатаң орындауға шақырды. Олардың айтуынша, жол қауіпсіздігі әрбір жүргізушінің жауапкершілігіне байланысты.