Павлодарда садақ ату үйірмелері көбейген

Павлодарда садақ ату үйірмелері көбейген

Амангелді Егінбай – «Жігер» клубы «Тұран» садақ ату орталығының дәстүрлі садақ ату түрінен жаттықтырушы, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ол өңіріміздегі жастарға садақ атудың қыр-сырын үйретіп жүр. Орталық 2022 жылы құрылған. Қазіргі таңда 20 шақты шәкірт тәрбиелеп отыр.

–  Өңірімізде садақ ату үйірмелерінің саны артты. Тереңкөл, Ақтоғай Баянауыл, Екібастұз, Аққулы аудандарында үйірмелер ашылды, – дейді орталық жетекшісі Амангелді Егінбай.

Садақ атудан мерген қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі болып жұмыс істеп жүрген кезінде кездейсоқ садақ ату орталығына барып қалады. Сол жерде садақ атуды сынап көрген соң спорттың осы түріне қызығушылық пайда болған.

2021 жылдан бері ұлттық спортты қолға алып, жастарға садақ атудың қыр-сырын үйретіп жүр. Облыстағы ұлттық спорт бағытындағы көптеген жобалардың авторы. Садақ атудан сайыстар өткізіп, ұлттық спорттың дамуына өзіндік үлесін қосуда.

–   Садақ ату – техникалық тұрғыда өте күрделі спорт түрі. Садақ ату барысында денедегі барлық бұлшық ет жұмыс істейді. Мұнда жүрек қағысын ретке келтіріп, дұрыс тыныс алу өте маңызды, – дейді ол.

Дәстүрлі садақшының айтуынша, 2022 жылы елімізде ұлттық спорт түрі болып бекітілген дәстүрлі садақ ату физикалық дайындықты, қара күшті талап етеді.

Садақ атудың дәстүрлі форматында ату қашықтығы мен садақ салмағы әртүрлі болады. Тұрақты түрде кәсіби айналысамын деген адамдар өздеріне лайықтап садақ пен оқ жасатып алады. Садақ қолдың ұзындығына лайықтап жасалады.

Оның пікірінше, дәстүрлі садақ ату балалар мен жасөспірімдер үшін өте пайдалы спорт түрі. Омыртқаның дұрыс қалыптасуына әсер етіп, адамдардың ойлау, көру қабілетін жақсартады. Жақын әрі алыс қашықтыққа садақ ату арқылы спортшылардың көз жанары жаттығады.

Айта кетерлігі, «Жігер» клубының шәкірттері командалық және жекелік жарыстарда жақсы нәтижелер алып келеді. Орталық әуесқой спротшылардың арасында қалалық, облыстық 20-дан аса ауқымды жарыс ұйымдастырды.