Павлодар облысында апалы-сіңлілілер алаяқтардың құрбаны болды

Павлодар облысында апалы-сіңлілілер алаяқтардың құрбаны болды
К.Шелковтың иллюстрациялық суреті

Олар интернеттегі жалған жарнамаға сеніп қалған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, алаяқтық схемаларының шынайы көрінуі соншалық, адамдардың сеніміне тез ие болуда.  Салдарынан тұрғындар ірі қаржылық шығындарға ұшырауда. 

Мәселен, интернеттегі алаяқтардың құрығына түсіп қалған екібастұздық жәбірленуші алданып қалғанын кеш білгенін айтып дабыл қағуда.

- Интернеттен зейнеткерлерге арналған дивидендтер алу туралы жарнаманы көріп қалдым. Ол мені қызықтырып, толық ақпарат алу үшін сілтеме арқылы өттім. Сол күні менімен өзін инвестициялық компанияның менеджері ретінде таныстырған белгісіз ер адам байланысқа шықты. Ол дивидендтерді рәсімдеуге көмектесетінін айтты. Қуанып, табысымды арттыру үшін әпкемді де қатысуға шақырдым. Кейін оның нақты нұсқауларына сүйене отырып, екеуіміз бізге айтылған банк шоттарының нөмірлеріне шамамен 10 миллион теңге аудардық, - дейді жәбірленуші.

Қаражаттың көбеймегенін аңғарғаннан кейін әйелдер полицияның көмегіне жүгінген.

- Аталған дерек бойынша алаяқтық фактісімен қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі таңда полиция қызметкерлері қылмысқа қатысы бар тұлғаларды анықтау және оқиғаның барлық мән-жайын белгілеу бойынша қажетті іс-шараларды жүргізуде, - деді облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Болат Нұрсейітов.

Полиция азаматтарды интернет желісінде сақ болуға шақырады. Әсіресе, күмәнді хаттар мен сілтемелерді ашпауға, жеке деректерді сенімсіз ресурстарға бермеуге, антивирустық бағдарламаларды үнемі жаңартып отыруға, аккаунттарға кіру үшін күрделі әрі сенімді құпиясөздерді қолдануға, сондай-ақ онлайн қаржылық операциялар кезінде, әсіресе төлем карталарын пайдаланғанда, мұқият болуды ескертеді.