Павлодар облысында асық ату ойынының танымалдығы артпақ
Ұлттық ойынға ұстаздарды да тарту көзделіп отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық білім беру басқармасының басшысы Самал Айтқазина мен асық ату федерациясының директоры Қалибек Қуанұлы ынтымақтастық туралы үш жыл мерзімге меморандумға қол қойды.
– Ынтымақтық келісімнің басты мақсаты – қазіргі жастарды біздің ұлттық болмысымызбен тәрбиелеу. Екіншіден, тек мектеп қабырғасындағы оқушылар емес, ұстаздарды да спортқа тарту, – деп атап өтті Қалибек Қуанұлы.
Оның айтуынша, Павлодар облысының асық ату федерациясымен бірлескен жобалар жеткілікті және бұл жобаларды берілген мерзімнің ішінде іске асыру қажет.
– Келесі жылға жасөспірімдер арасында көптеген әлемдік деңгейде додалар ұйымдастыруды жоспарладық. Келісім аясында семинарлар мен шеберлік сабақтарын өткізіп, жаңа бағдарламаны жүзеге асыру жоспарымызда бар, – деп қосты федерацияның басшысы.
Қалибек Қуанұлы өңіріміздің шалғай ауылдарында ұлттық спорттың деңгейі әлі қалыптаспағанын айтады. Сондықтан осы спорт түрін әрі қарай дәріптеп, үлкен дәрежеге көтеру – басты міндет.