Павлодар облысында ауыл әйелдерінің көшбасшылығы қолдау тапты

Өңірде ауыл әйелдерінің көшбасшылық қабілеттерін дамытуға, басқарушылық дағдыларын жетілдіруге және қоғамдық өмірге белсенді араласуына бағытталған семинарлар ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Іс-шаралар Ақсу және Екібастұз қалаларында, сондай-ақ Ақтоғай ауылында өтіп, барлығы 145 әйелді қамтыды.

Семинарлардың негізгі мақсаты – ауылдық жерлерде тұратын әйелдердің жеке және кәсіби әлеуетін арттыруға, өз бастамаларын жүзеге асыруына және жергілікті қоғамдастықтардың дамуына белсенді үлес қосуына қолдау көрсету.

«Логос» жергілікті қоғамдық бірлестігінің менеджері, семинарларды ұйымдастырушылардың бірі Әділжан Жұмағұлдың айтуынша, қатысушыларды іріктеу кезінде олардың ауылдық жерде тұруы және жеке, кәсіби әрі қоғамдық тұрғыдан дамуға қызығушылығы ескерілген.

– Семинарларға қатысушыларды қалыптастыру кезінде өмірлік және кәсіби тәжірибесінің әртүрлі болуына мән бердік. Арамызда кәсіпкер әйелдер, көпбалалы аналар, қоғамдық бастамаларға қатысушылар және өз ортасына өзгеріс әкелуге ұмтылатын әйелдер болды. Мұндай орта тәжірибе алмасуға, бір-біріне қолдау көрсетуге және жаңа идеялардың туындауына мүмкіндік береді, – дейді Әділжан Жұмағұл.

Семинарлардың бағдарламасы бірнеше маңызды бағытты қамтыды. Қатысушылар көшбасшылық пен басқару негіздерін, тиімді коммуникацияны, шешім қабылдау тәсілдерін, командалық жұмысты және өз идеяларын таныстыру дағдыларын меңгеруге мүмкіндік алды.

Сонымен қатар, әйелдердің психологиялық саулығына, денсаулығын сақтауға, отбасылық қарым-қатынастарды үйлестіруге және жеке өмір мен кәсіби қызмет арасындағы тепе-теңдікті сақтауға ерекше назар аударылды.

– Бағдарламаның практикалық бөлігінде қатысушылар мақсат қоюға, өз қызметін жоспарлауға, ортақ міндеттерді шешуге және жеке бастамаларын жүзеге асыру жолдарын анықтауға бағытталған тапсырмаларды орындады. Топтық жұмыстар барысында олар өз тәжірибелерімен бөлісіп, күнделікті өмірде және кәсіби қызметте кездесетін мәселелерді талқылады, – деді ұйымдастырушылар. 

Мұндай жұмыс форматы қатысушылардың теориялық білім алуымен қатар, оны нақты өмірлік жағдайларда қолдану дағдыларын дамытуға бағытталды.

Ауыл әйелдері отбасы мен кәсіби міндеттерді қатар атқара отырып, өздері тұратын елді мекендердің әлеуметтік және экономикалық дамуына да үлес қосады. Сондықтан олардың басқарушылық құзыреттерін жетілдіру, бастамаларын қолдау және жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізуіне жағдай жасау маңызды.

Семинарлар әйелдерге өз қабілеттерін бағалауға, көшбасшылық қасиеттерін дамытуға және жеке идеяларын нақты жоспарларға айналдыру жолдарын қарастыруға мүмкіндік берді. Сонымен бірге, әртүрлі салада жұмыс істейтін әйелдер арасында кәсіби байланыстар орнатуға және болашақтағы ынтымақтастыққа негіз қалыптастыруға жағдай жасалды.

Қатысушылар алған білімдері мен тәжірибелерін шағын жобаларды әзірлеу, кәсіпкерлік бастамаларды дамыту және жергілікті қоғамдастықтың өміріне белсенді араласу барысында пайдалана алады.

Ауыл әйелдеріне арналған мұндай семинарлар тек білім берумен шектелмейді. Олар әйелдердің өз күшіне деген сенімін нығайтуға, бастамашылық танытуына және қоғамдық мәселелерді шешуге белсенді қатысуына ықпал етеді.