Павлодар облысында ауыл әкімі WhatsApp-пен түйткілді мәселелер шешуде

Тұрғындар туған ауылдарына бейжай қарамай, маңызды сұрақтар көтеріп келе жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс басшысы бүгінде облыстың 352 ауылдық елді мекенінің 123-і дербес бюджетке біріктірілгенін атап өтті. 187 мыңнан астам халқы бар 191 болашағы бар ауыл анықталып, әр аудан өз әлеуетіне қарай даму бағытын белгіледі.
– Жергілікті өзін-өзі басқару бюджеті шамамен 22 миллиард теңгені құрайды. 67 ауылда 96 жобаны іске асыру үшін 5,5 миллиард теңге бөлінді. Келер жылы барлық ауылдардың кірме жолдарын жөндеу жұмыстарын аяқтаймыз. Сондай-ақ жыл соңына дейін алты су құбырының жұмысы аяқталып, өңір жүз пайыз таза сумен қамтамасыз етіледі, – деді Асайын Байханов.
Президент биылғы Жолдауында жергілікті билік өкілдерінің халықпен қарым-қатынастарын нығайту керектігін атап өтті. Осы орайда Железин ауданының Алакөл ауылдық округінің әкімі Татьяна Метлушко ауыл тұрғындарымен цифрлық байланыс жүйесінің ерекшелігін атап өтті.
– Біздің ауылда белсенді WhatsApp чаты бар. Онда тұрғындар өз ұсыныстары мен шағымдарын жаза алады. Мен немесе аппарат қызметкерлері әрбір хабарламаға дереу жауап беріп, мәселені сол жерде шешуге тырысамыз, – деді ол.
Сонымен қатар округтің ресми парақшаларында ауыл жаңалықтары мен жоспарлары ашық жарияланып отырады. Әкімнің сөзінше, бұл тәсіл билік пен халық арасындағы сенімді нығайтуға сеп болуда.
– Ашықтық пен жеделдік – біздің басты қағидамыз. Қазір ауыл әкімдігі мен тұрғындар арасындағы ең жылдам байланыс құралы – WhatsApp, – деді Татьяна Метлушко.
Елді мекенде тұтас еңбек әулеттері тұрады. Бүгінде ауылда 2003 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Пахарь» ЖШС кәсіпорны бар. Онда ауылдың тең жартысы қызмет етеді.
– Біздің округ – еңбек адамдарының ауылы. Бүгінде механизаторлар, комбайншылар, дәнекерлеушілер, жүргізушілер мен слесарьлардың барлығы – өз ауылымыздың түлектері. Бірнеше ұрпақтан жалғасып келе жатқан еңбек әулеттері көп, – деді ауыл әкімі.
Ағымдағы жылы ауыл округіне үш қандас отбасы Қытайдан көшіп келді.
Сөз соңында Алакөл ауылдық округінің әкімі Президент Жолдауының ауыл өміріне серпін беріп отырғанын атап өтті. Оның сөзінше, ауыл тұрғындары цифрлық сауаттылықтарын арттырса, жаңа заман талаптарына бейімделсе, елді мекендердің өмірі одан әрі жақсарады.
Еске сала кетейік, шаһарға жұмыс сапарымен президенттің кеңесшісі Мәлік Отарбаев келді. Іссапар аясында ол қала, аудан және ауыл әкімдерімен жүздесіп, биылғы Жолдауды талқылады.