Сахнадан – экранға: жас павлодарлық әртіс тарихи телехикаядан көрінді

Сахнадан – экранға: жас павлодарлық әртіс тарихи телехикаядан көрінді

Облыстық филармонияның әртісі еліміздің танымал өнерпаздарымен бірге актерлік құрамға енді. @Pavlodarnews.kz тілшісі әртістен кинода ойнау қаншалықты қызық екенін сұрастырып көрді.

«Естай мен Қорлан» телехикаясы – Естай ақынның қызға деген махаббаты мен оның құрметіне жыр арнау оқиғасы. Сериал Торайғырда, Екібастұзда, Маралдыда түсірілді. Қазір ол пост-продакшннан өтіп, шығаруға дайындалуда.

Актерлік құрамға «Қазақстан» корпорациясы таңдаған еліміздің көрнекті қайраткерлері және жас өнерпаздар Нұржас Садырбай мен Диана Нағметоллаева кірді. Көпшілік көріністің арасында 18 павлодарлық түсірілсе, олардың бірі – Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияның 23 жастағы әртісі Адай Төлепберген. 

Ол актерлік шеберлік сабағын өтпеген, телехикаялар мен фильмдерде түсуде тәжірибесі жоқ, бірақ бағын сынап, кастингте қатысуға бел буған. Корпорацияға оның актерлік шеберлігі ұнағандықтан, жігіт бас кейіпкер Естайдың көмекшісі рөліне бекітілді. Оның кейіпкерінің басты міндеті – иесінің атын бағып, музыкалық аспабын алып жүру.

Адай Төлепберген бұл рөлді сериал үшін маңызды деп санамайды, бірақ бұл оған камера алдында жұмыс істеуде үлкен тәжірибе берді деп айтуға болады. 

– Актерлердің жұмысы сонша жалықтырады деп ойламаппын. Торайғырға таңғы төртте келдік, түсірілім таңғы алтыда басталып, кешкі сегіз-тоғызға дейін жалғасты. Қиындығы сол – бір кадрды бірнеше рет түсіру керек. Бір жағынан өнер туындысын жасауға атсалысқаннан ләззат аласың. Екінші жағынан, бір кадр үшін мың дубль жасау қажет, бұл адамды шаршатады, – деп бөлісті актер.

Түсірілім жеті-сегіз күнге созылды. Адай түсірілім алаңында 24 сағат болып, үш эпизодта түсіп үлгерді. Актердің айтуынша, камера алдында ойнауға қатты қорықпаған. Сахнада өнер көрсеткеннен кейін қобалжу деген сезімге үйреніп қалған. 

Түсірілім күндері ауа райы құбылмалы болды: жаңбыр, жел немесе аптап ыстық. 

– Бізге жаңбыр астында тұрмауды алдын ала ескерткен, өйткені дымқыл киім кадрда нашар көрінеді. Көлікке, киіз үйлерге тығылдық. Бірақ күн батқаннан кейін, уақыт босқа кетпес үшін бәрібір жаңбырдың астында түсірілім процессін жалғастырдық, – деп еске алады әртіс. 

Адай Төлепберген бұл тәжірибені қызықты деп санайды. Болашақта осындай жобаларға қатысуға, өзін киноактер ретінде сынауға қарсы емес.

Айта кетерлігі, «Естай мен Қорлан» телехикаясының түсірілім процесі 30 маусымда басталып, күздің соңында үлкен экранға шығады деп деп күтілуде.

Еске сала кетейік, Павлодар облысында Баян Алагузованың екібастұздық дәрігер Ләйлә туралы фильмі түсірілуде.

Фото: Адай Толепберген