Павлодар облысында ауылдық ҮЕҰ арналған шағын гранттар конкурсы жарияланды
Бір гранттың мөлшері 600 мың теңгені құрайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы «Павлодар облысының Азаматтық Альянсы» қауымдастығы хабарлады.
– Конкурс өңірдің ақпарат және қоғамдық даму басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында өткізілуде. Басты мақсат – жергілікті қауымдастықтарды қолдау, азаматтық белсенділікті дамыту және ауыл тұрғындарын өзекті әлеуметтік мәселелерді шешуге тарту, - делінген хабарламада.
Ұйымдастырушылардың пікірінше, бұл жоба ауылдық аумақтардың әлеуметтік капиталын нығайтып, жергілікті бастамалардың дамуына серпін береді.
Конкурсқа ауылдық үкіметтік емес ұйымдар, сондай-ақ жасы 18-ден асқан кемінде үш адамнан тұратын бастамашыл топтар қатыса алады. Міндетті шарт – жобаларды Павлодар облысы ауылдарында жүзеге асыру.
Конкурсқа келесі бағыттар бойынша жобалар қабылданады:
– әлеуметтік бастамалар;
– ауылдың өзекті мәселелерін шешу;
– жергілікті қауымдастықтарды дамыту;
– тұрғындарды қоғамдық өмірге тарту.
Өтінімдерді қабылдау 12 сәуір күні сағат 18:00-ге дейін жалғасады. Қатысу үшін өтінімді толтырып, оны granty.pavlodar@gmail.com электрондық поштасына жіберу қажет. Қосымша ретінде жоба туралы презентация немесе бейнеролик ұсынуға болады.
Кеңес алу үшін +7 701 938 58 35, +7 707 494 94 62 телефондарына хабарласуға болады.
Конкурс туралы толық ақпаратты @ga.pvl Instagram парақшасынан, сондай-ақ www.npo-pvl.kz сайтынан көруге болады.