Павлодар облысында бір тәулікте 500-ден астам құқық бұзушылық анықталды

Павлодар облысында бір тәулікте 500-ден астам құқық бұзушылық анықталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Мас күйінде және жүргізу құқығынан айырылғанына қарамастан көлік тізгіндеген жүргізушілер де ұсталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, өңірде «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасының бір тәулігінде 567 әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесілді.

Оның ішінде мас күйінде көлік басқарудың алты, жүргізу құқығынан айырылған азаматтардың рөлге отыруының алты, ұсақ бұзақылықтың 25 және қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдік ішудің 91 фактісі анықталды. Тағы 137 адам уақытша бейімдеу және детоксикация орталығына орналастырылды.

– Мәселен, Павлодар қаласындағы Қамзин көшесінде полиция қызметкерлері Audi маркалы автокөлікті тоқтатқан. Рөлде алкогольдік масаңдық белгілері бар жүргізуші отырған. Медициналық куәландыру оның алкогольдік ішімдік қолданғанын растады, – деді Павлодар облысы полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Бәкібай Ахмедьянов.

Тағы бір жағдай Академик Сәтбаев пен Ломов көшелерінің қиылысында тіркелді. Nissan автокөлігінің жүргізушісі көлік құралын басқару құқығынан айырылғанына қарамастан рөлге отырған.

Екі дерек бойынша да материалдар жиналып, сотқа жолданды. Автокөліктер арнайы тұраққа қойылды.

Сондай-ақ саяжай алқаптарының бірінде полицейлер мас күйіндегі ер адамды анықтап, қоғамдық тәртіпті одан әрі бұзуға жол бермеу үшін уақытша бейімдеу және детоксикация орталығына жеткізді.

Айта кетейік, «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы Павлодар облысында 21 тамызды қоса алғанға дейін жалғасады.