Павлодарда «SOS » дабыл батырмаларына қандай сигналдар түседі?
Бүгінде облыс орталығында 20 дабыл батырмасы орнатылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, былтыр осы құрылғы арқылы полицияға әртүрлі сипаттағы 26 өтініш түсті. Негізінен сын- қатерлер жол ережесін бұзуға, көлікті тұраққа дұрыс қоймау, балаларды іздестіруге, мүлікті ұрлауға қатысты болды.
– Мысалы, 2023 жылдың қараша айында полиция операторына батырма арқылы төбелес болып жатқаны туралы қоңырау түсті. Торайғыров мекенжайындағы дүкеннің жанында ер адамдар алкогольдік ішімдік ішіп, төбелескен. ЖБО инспекторы бұзушылықты жедел тіркеп, оқиға орнына автопатруль жіберді. Полиция тәртіп бұзушыларды уақытша бейімдеу және детоксикация орталығына жеткізген, – деді жедел басқару орталығының бастығы Ренат Шамғұнов.
Ал Жаңа жылдың алғашқы күнінде Павлов мекенжайындағы «SOS » дабыл батырмасына ұрлық бойынша қоңырау түсті. Алкогольдік ішімдік ішкен әйелден телефон ұрлап әкеткен. Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері жергілікті жерді пысықтауды бастады. Көп ұзамай олар ұрлық жасады деген күдіктіні ұстады.
– Сіз мас күйінде біреудің көлік жүргізіп бара жатқанын көрсеңіз, қылмыстың немесе қандай да бір құқық бұзушылықтың куәсі болсаңыз, күдікті адамды байқасаңыз дереу полицияға хабарлауға шақырамыз. Бұл құрылғылар азаматтардың қауіпсіздігі мен тыныштығын барынша толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді,– деп атап өтті тәртіп сақшысы.
Айта кетейік, Мемлекет басшысының ішкі істер органдарын цифрландыру туралы тапсырмасын орындау мақсатында 2021 жылдың қараша айынан бастап Павлодар қаласында «SOS батырмасы» таныстырылды. Бейнекамерамен, динамикпен, микрофонмен және полицияға хабарласу үшін тікелей батырмамен жабдықталған шұғыл қоңырау құрылғысы көшелерде, қоғамдық орындарда орнатылған. Сигналдар дереу әрекет ету шараларын қабылдау үшін жедел басқару орталығына түседі.