Павлодар облысында биыл 700-ден астам тұрғын «Үйде қызмет көрсету» сервисін пайдаланды
ХҚКО қызметкерлерінің шығу қызметі 2013 жылдан бастап қолжетімді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы филиалының баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, қызмет алушылар көбінесе электрондық цифрлық қолтаңба алу және әлеуметтік төлемдерді тағайындау үшін қызметкерлерді үйге шақырады.
Бірінші және екінші топтағы мүмкіндігі шектеулі жандар, мүгедек балалар, жасы ұлғайған адамдар, ҰОС қатысушылары және оларға теңестірілген адамдар ХҚКО-ның үйге шығуы жөніндегі қызметті пайдалана алады. Бұл қызметті пайдалану үшін 1414 нөмірі бойынша бірыңғай байланыс орталығына қоңырау шалып, операторға керек деректерді беріп, қажетті қызметті алу үшін құжаттардың тізімін біліп, өтінімді қалдырады. Содан кейін тараптар мемлекеттік қызметті көрсету үшін қолайлы уақытты белгілейтін болады.
– Бұл барлық азаматтарға мемлекеттік қызметтерді алуға шектеусіз мүмкіндік береді, – делінген хабарламада. – Өтінімді ресімдеу және мемлекеттік қызметті алу кезінде клиенттің ХҚКО-ға жеке қатысуы міндетті, бірақ кейбір азаматтар денсаулық жағдайына байланысты орталықтарға келуге мүмкіндігі болмайды. Міне, осындай жағдайларды оң шешу үшін аталмыш қызмет іске қосылды.
Айта кетейік, барлық халыққа қызмет көрсету орталықтары, оның ішінде мамандандырылған орталықтар 7 және 9 мамырда жұмыс істемейді. Бұл ретте, 8 мамыр күні тек кезекші мен арнайы ХҚКО үшін жұмыс күні. Олар сағат 13.00-ге дейін ашық болады. 10 мамырдан бастап фронт-офистер әдеттегі кестеге оралады. Дәстүрлі халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмыс күндері 9:00 – ден 18:00-ге дейін, кезекші орталықтардың жұмыс күндері 9:00-ден 20:00-ге дейін, ал сенбі күндері 9:00-ден 13:00-ге дейін жұмыс істейді.