Павлодар облысында бос жатқан жер учаскелері мемлекетке қайтарылды
Олар ғарыш мониторингі арқылы анықталған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Мұрат Хамитов мәлім етті.
– Былтырғы ғарыштық мониторинг нәтижелері бойынша «Ғарыш Сапары» геосервисі арқылы 370 мың гектар пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер анықталды. Оның ішінде 195 мың гектар пайдаланыла бастады, ал 15 мың гектар мемлекет меншігіне қайтарылды, – деді Мұрат Хамитов.
Оның сөзінше, жерді қайтару үрдісі күрделі өтеді. Ғарыштық мониторингінде анықталған бос жерлер туралы ақпарат әрбір ауданға тікелей беріледі. Одан кейін жер инспекторлары шаруаларға тиесілі жерде мал басы тиісті нормаға сәйкес болуын тексереді. Егер де жүктеме 20%-дан төмен болса, бұл жерлерді мемлекет меншігіне қайтару мәселесі қарастырылады. Онымен облыстық жер қатынастары басқармасы айналысады.
– Былтыр бос жатқан 106 мың гектар жердің меншік иелеріне ұйғарымдар берілді. Енді жер қатынастары басқармасы істерін сотқа жіберуге дайындалуда, – деді спикер. – Бүгінде шаралар қабылдау үшін 19 мың гектар жер инспекцияның жұмысында.
Мұрат Хамитовтың айтуынша, биылғы жылдың 1 қыркүйегінде жүргізілген космомониторинг шеңберінде 420 мың гектар пайдаланылмайтын не мақсатсыз пайдаланылатын жайылымдық жерлер анықталды. Оның ішінде 232 мың гектар пайдаланылмайтын жайылымдық жерлер, яғни тексеріс кезінде жер пайдаланушыларда мал болмаған. Ал 188 мың гектар жерде жайылымда жүктемеме аз, яғни мал басы аз екені анықталды.