Павлодар облысында бір ауылдың оқушылары балабақшаның ғимаратында оқып жүр

Павлодар облысында бір ауылдың оқушылары балабақшаның ғимаратында оқып жүр
Фото: Константин Шелков

Облыстың бас ұстазы мектеп қажет ететін елді мекендердің тізімін атады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

– Әзірге облыстық бюджетке мектеп салу жоспарлары енгізілмеген. Биыл біз бөлінген қаражатты жылу жүйесі жөнделмеген, апатты жағдайдағы мекемелерге жұмсадық. Жалпы «Ауыл – ел бесігі» жобасына 32 білім мекемесі қосылды, – деді Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық білім беру басқармасының басшысы Самал Айтқазина. 

Басқарма басшысының айтуынша, бүгінде облысымызда мүлдем мектеп жоқ ауылдар да бар. Солардың бірі Екібастұз қаласының білім бөліміне қарасты – Атығай ауылы. Бұл ауылда оқушылар бұрынғы балабақшаның ғимаратында білім алуда. 

– Атығай ауылында мектеп салу – өзекті мәселелердің бірі. Бұл елді мекенде халық саны көп, оқушылардың саны да жеткілікті. Тағы осындай ауылдардың бірі – Павлодар ауданындағы Бірлік ауылы. Бірлік ауылының балалары бес-алты шақырымдағы көршілес ауылдағы мектепте білім алуда. Бұл ауылда 94 оқушы бала бар, – дейді басқарма басшысы.  

Спикердің сөзінше, Ертіс ауданы Қызылқақ ауылы мектебінің құрылысы  мен Павлодар ауданы Мичурин аулындағы мектепке дейінгі мекеме құрылысы қажет. Аталмыш нысандар бойынша жобалық-сметалық сараптама дайындалуда.