Павлодар облысында «e-Otinish» платформасына қандай мәселелер бойынша жиі шағымдануда?

Павлодар облысында «e-Otinish» платформасына қандай мәселелер бойынша жиі шағымдануда?
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Құқықтық статистиканың қызметкерлері талдау жасап, өңірде қай қала мен ауданда өтініштер саны ең көп түсетінін анықтады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Жыл басынан бері тұрғындар «e-Otinish» арқылы 35 мыңнан аса өтініш жолдады. Бұл туралы ҚР Бас Прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті Павлодар облысы бойынша департаменті өтініштерді бақылау және сараптау бөлімінің бастығы Қуандық Жұмалин мәлім етті. 

– Бес ай ішінде мәселелер негізінен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына, тұрғын үй заңнамасына және әлеуметтік салаға қатысты болды. Мемлекеттік органдар бөлінісінде өтініштердің жартысына жуығы жергілікті атқарушы органдарға келіп түседі, – деп атап өтті Қуандық Жұмалин.

Оның сөзінше, халықтың негізгі бөлігі тұратын үш қала – Павлодар, Екібастұз бен Ақсуда шағымдар ТҮКШ және әлеуметтік қорғау органдарының бөлімдеріне жолданып тұрады. Сұрақтардың басым бөлігі сумен жабдықтау, жер заңнамасымен байланысты болады. Аудандарда да адамдар жүйені белсенді қолданады. Өтініштер ең көп келіп түсетін аудандар – Ертіс, Железин, Шарбақты және Тереңкөл.

«e-Otinish» арқылы жүгінудің ыңғайлылығы – үйден шықпай-ақ, жұмыс орнынан, мемлекеттік органға бармай-ақ, өтініш беруші өзінің смартфоны немесе планшеті арқылы өз өтінішін жіберу мүмкіндігі. 

Өтініш беру үшін платформада тізімнен қажетті мемлекеттік органның атауын енгізіп, өтініштің түрін таңдау керек. Кейін сұрақтың, шағымның мәнін сипаттау қажет.  Қажет болса, картада проблемалық мәселенің орнын көрсетуге де болады. Нақты тұрғылықты мекенжайын көрсете отырып, ЭЦҚ немесе Digital ID арқылы қол қойып жіберу керек. Жіберілгеннен кейін өтінішке бірегей нөмір беріледі.