Павлодар облысында екі мың тұрғынның мінез-құлқына қатысты ерекше талаптар қойылды

Павлодар облысында екі мың тұрғынның мінез-құлқына қатысты ерекше талаптар қойылды
Константин Шелковтың фотосы

Әртүрлі құқық бұзушылықтар үшін 18 мыңа  жуық азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Учаске» жедел профилактикалық іс-шарасының аясында 296 кәмелетке толмағанның тұрғылықты жерде құқық бұзғаны анықталды. Бұдан бөлек, 14 мыңнан астам есептегі тұлға тексеріліп, олардың 3500-не жуық қорғаныс ұйғарымы шығарылды. Екі мың азаматтың мінез-құлқына қатысты ерекше талаптар белгіленді.

Тәртіп сақшылары жаза өтеу тәртібін бұзған 36 адамды анықтады. Оның ішінде 25 азаматтың жазасы бас бостандығынан айырумен алмастырылған, ал 11 адамға пробациялық бақылау мерзімі ұзартылған.

Сонымен қатар 95 панасыз азамат қабылдау-тарату орталығына орналастырылды.

Іс-шара ҚР Президентінің Жолдауынан кейін қабылданған «Заң және Тәртіп» тұжырымдамасы аясында ұйымдастырылып отыр.

– Біздің басты идеямыз – заң мен тәртіп қағидатын әр азаматтың санасына сіңіру. Полиция қызметкерлерінің міндеті тек құқық бұзушылықтың салдарымен емес, оның алдын алумен айналысу, – деді облыстық полиция департаментінің қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының м.а. Азамат Күркебаев.

Бұдан бөлек облыс аумағында «Қауіпсіз отбасы» акциясы да жалғасыр жатыр. Сонымен бірге әйелдерге зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында арнайы бөлімше жұмыс істейді.

– Бізге «102» нөміріне түскен кез келген шағымды учаскелік инспекторлар дереу қарауы тиіс. Қазір отбасылық зорлық-зомбылық істері «айқындалған сипатта» қаралады, яғни көршілер немесе куәгерлер хабарласса, полиция оқиға орнына міндетті түрде барады, – дейді ведомство өкілі.

Полиция қызметкерлері тұрғындарға қоғамдық тәртіпті сақтау қажеттігін ескертеді. Подъездерде шылым шегу, түнгі уақытта шулау секілді әрекеттерге 15 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынады.