Павлодар облысында емханалардың бірінде жаңа сәулелік диагностика бөлімі ашылады

Павлодар облысында емханалардың бірінде жаңа сәулелік диагностика бөлімі ашылады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Қазіргі таңда медициналық жабдықтар орнатылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ермек Кучуков жұмыс сапарымен Екібастұз қаласына арнайы барып, шаһардағы медициналық ұйымдарды аралап, емханалардағы жаңарту жұмыстарының барысымен танысты.

Басқарма басшысы «Дербес медицина орталығы» ЖШС емханасында екі корпусты байланыстыратын жаңа галереялық өткелді көріп, сәулелік диагностика бөлімін ашуға дайындық жұмыстарын тексерді.

– Қазіргі уақытта бөлімшені іске қосуға қажетті жұмыстар іс жүзінде аяқталған. Тиісті лицензиялар алынып, медициналық жабдықтар орнатылған. Олардың қатарында Германияда өндірілген жаңа компьютерлік томограф, цифрлық флюорографиялық аппарат және сараптамалық деңгейдегі ультрадыбыстық зерттеу аппараты бар. Сондай-ақ емхананың басқа бөлімшелерінен рентгенологиялық және маммографиялық диагностикаға арналған жабдықтар көшіріледі, – делінген хабарламада.

Жаңа бөлімшеде пациенттерге қызмет көрсету үшін қажетті мамандар да жасақталған. Мұнда ультрадыбыстық диагностика дәрігерлері мен рентген-лаборанттар жұмыс істейді.

Бөлімшені ұйымдастыру кезінде пациенттерге қолайлы жағдай жасауға ерекше назар аударылған. Жаңа диагностикалық қызметтердің іске қосылуы тұрғындардың медициналық тексеруден өту мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал етеді.

Айта кетелік, кеншілер шаһарындағы сәулелік диагностика бөлімшесінің ашылуы 25 қазанға жоспарланған.