Павлодар облысында инвестициялық жобалардың саны артуда

Павлодар облысында инвестициялық жобалардың саны артуда
Фото: Константин Шелков

Аймақта бой көтеретін жаңа зауыттар мен жастарды қолдау басты бағыт болып отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Өңір басшысы қоғамдық кеңес мүшелерімен есеп беру кездесуін өткізді. Күн тәртібінде – «2025 жылғы Павлодар облысының әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және 2026 жылға арналған міндеттер» жайлы сөз болды.

Асайын Байханов облыс экономикасының қарқынды өсуіне инвестициялардың белсенді артуы, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығын жаңғырту, инженерлік инфрақұрылымды дамыту және әлеуметтік міндеттемелерді іске асыру басты негіз болып  отырғанын атап өтті.

– Аймаққа 1,2 триллион теңгеден астам инвестиция тарылды. Бұл көрсеткішпен біздің өңір еліміз бойынша екінші орында тұр. Жалпы қолайлы инвестиция экономика үшін жоғары жалақылы жаңа жұмыс орындарын ашумен қатар, қосылған құнды құрайтын ірі өнеркәсіптік және аграрлық жобаларды іске асыруға ықпал етеді. Өңірдегі инвестициялық жобалар тобында құны  7,3 триллион теңгені құрайтын 107 маңызды жоба бар. Олар жастар үшін 16 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Екібастұзда екі ірі ферроқорытпа зауыты іске қосылса, биыл тағы бір кәсіпорын өз жұмысын бастауға дайындалуда. Ол 820 жаңа жұмыс орнын ұсынатын «Mineral Product International»-ы. Оған 208 миллиард теңге инвестиция тартылды. Бұдан бөлек, Павлодарда әлемдік атағы бар трансұлттық компания бір миллиард АҚШ доллары көлеміндегі «Доре» алтын қорытпасын өндіру бойынша Қазақстандағы ең ірі зауытты салуда. Кәсіпорын іске қосылғаннан кейін өңірдегі ең ірі салық төлеушіге айналады, – деп атап өтті облыс әкімі.

Асайын Байханов өткен аптада Астанада «XINFA GROUP» компанияның өкілдерімен кездесу өткенін тілге тиек етті. Олармен Павлодар облысында 15 миллиард АҚШ доллары көлеміндегі инвестиция және 10 мыңнан астам жұмыс орны бар толық циклды өнеркәсіптік парк құру жоспарланып отыр. Сондай-ақ Павлодар, Екібастұз, Ақсу және Баянауыл ауданында басқа да ірі жобалар қарастырылуда.

Облыс әкімі ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен жарияланған «Жұмысшы мамандықтары» жылының қорытындысына тоқталды.

– Бұл шешім кәсіби білім мен өнеркәсіптің беделіне жаңа серпін берді. Өңірде 750 миллион теңгеден астам сомаға 11 колледж заманауи техникамен жабдықталды. Өткен жылы 6250 студент тегін оқыса, олардың 700-ден астамы жас маман ретінде оқу аяқталғаннан кейін бірден ірі өнеркәсіптік нысандарға жұмысқа орналасты. Студенттердің өндірістік тәжірибесін төлеу 150-ден 200 мың теңгеге дейін ұлғайтылды. Республикалық WorldSkills конкурсында біздің команда 20 қатысушының арасында екінші орынға ие болды, – деді өңір басшысы.

Жастарды қолдау үшін алғаш рет «Шебер асуы» арнайы сыйлығы тағайындалды, мұғалімдер үшін «Үздік шебер» және «Еңбек үздігі» жаңа марапаттары еңгізілді. Облыс бюджеті есебінен музыкалық колледжі жөндеуден өтсе, IT-колледждің жатақханасы және оның материалдық-техникалық базасы жаңартылды. Бұдан бөлек, «Мектеп – колледж – өңірлік университет – жұмыс беруші» принципі бойынша бес жаңа кластер құру жоспарланып отыр. Сонымен қатар, жеті өңірлік колледж базасында он жаңа мамандық бойынша шағын өндірістер ашылады.