Павлодар облысында коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға қыруар қаржы бөлінеді

Павлодар облысында коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға қыруар қаржы бөлінеді
Фото: Константин Шелков

Павлодар облысында коммуналдық желілерді жаңғыртуға 23,7 миллиард теңге бағытталады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі

Павлодар облысында 2026 жылы коммуналдық және энергетикалық инфрақұрылымды жаңғыртуға 23 миллиард 706 миллион теңге жұмсалады. Бұл туралы Табиғи монополияларды реттеу департаменті хабарлады.

Жаңғырту жұмыстары ұлттық жоба аясында жүзеге асады. Бағдарламаға өңірдегі табиғи монополиялардың бес субъектісі қатысады.

Павлодар өңірлік электр желілері компаниясында жалпы құны 3 млрд теңгені құрайтын тоғыз жоба іске асырылады. Ал жылу желілері бойынша бірқатар жобалар жобалық-сметалық құжаттаманың дайын болмауына байланысты кейінгі кезеңге ауыстырылған.

Сонымен қатар Павлодардағы 20А жылу магистралін жаңғырту жобасы аяқталған. Оған 9,8 миллиард теңге көлемінде қаржы тартылған.

Департаменттің мәліметінше, ұлттық жоба аясында тартылған қаражатты өтеу тариф есебінен жүргізілмейді. Несие бойынша негізгі қарыз бен пайыздық төлемдерді жергілікті атқарушы органдар өтейді. Сондықтан бұл жобалардың қаржылық жүктемесі тұрғындар үшін коммуналдық тарифтердің өсуіне әсер етпейді.