Павлодар облысында көшеттердің жерсінуі екі есеге төмендеген

Павлодар облысында көшеттердің жерсінуі екі есеге төмендеген
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жергілікті орман қорғау мекемелерінде бірқатар заң бұзу анықталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Бұл туралы облыстық прокуратураның баспасөз қызметі мәлімдеді. 

Прокурорлар жергілікті орман шаруашылықтарын тексеріп, бірқатар заң бұзуды әшкереледі.

— Соңғы 10 жылда табиғи резерваттағы көшеттердің жерсіну деңгейі екі есеге төмендеген, сонымен қатар оларды есептен шығару көлемі артқан. Мәселен, осы жылдары 16,3 миллион ағаш көшеті отырғызылған болса, оның 300 мыңы ғана жерсінген. Ал 3 миллионы есептен шығарылған. Қалған 13 миллион көшет инвентаризацияда тұр, - делінген хабарламада.  

Прокурорлардың айтуынша, көшеттерді есепке алу дұрыс жүргізілмей, отырғызу материалдары негізсіз есептен шығарылған. Сондай-ақ орман көлемдерін ұлғайтып көрсету, көшеттердің төмен жерсінуі де анықталды. Осындай кемшіліктердің салдарынан өңірде орманмен көмкерілген алқаптардың азаюы әлі де жалғасып келеді. Мұндай жағдай «Ертіс орманы» резерватында, Баянауыл ұлттық паркінде және өзге де орман шаруашылықтарында кездесіп отыр.

Осы ретте прокурорлар жауапты мекемелерге экологиялық заңнама талаптарын қатаң сақтауды ескертті.

Анықталған заң бұзушылық бойынша қадағалау шаралары қабылданып жатыр. Жекелеген жағдайларда процессуалдық шешім қабылдау үшін материалдар Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жолданған.

Сонымен қатар, аймақтық полиция департаментіне ағаштарды ұрлау және көшеттерді заңсыз тасымалдау деректері бойынша қылмыстық істерді тергеу, сондай-ақ уәкілетті органдарға орман қорын ұлғайту мен қорғау бойынша бірқатар тапсырма берілді.

Еске сала кетейік, «Ертіс орманы» резерватының тұқымбағынан қарағай көшеттері қазып алынуда. Олар өрттен және табиғи факторлардан зардап шеккен аумақтарға отырғызылады.