Павлодар облысында мал азығы базасын дамыту бойынша пилоттық жоба ұсынылды

Павлодар облысында мал азығы базасын дамыту бойынша пилоттық жоба ұсынылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Павлодар облысының ауыл шаруашылығы басқармасында сала ардагерімен кездесу өтіп, өңірдегі мал шаруашылығының өзекті мәселелері талқыланды,  деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Басқарма басшысы Хамза Оразбеков ауыл шаруашылығы саласының ардагері Мойылжан Қанаевты жеке қабылдады. Кездесу барысында ауыл шаруашылығы жерлерінің деградациясы, жайылымдардың өнімділігінің төмендеуі және мал басының қысқаруы сияқты мәселелер көтерілді.

Тараптар аталған проблемалардың ауыл тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық жағдайына әсерін де талқылады. Әсіресе, мал шаруашылығын дамытуға қажетті жем-шөп базасының жеткіліктілігіне назар аударылды.

Мойылжан Қанаев мал азықтық дақылдардың егіс алқаптарын кеңейту бойынша пилоттық жобаны іске асыру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Оның пікірінше, бұл бастама ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалануға және шаруаларды қолжетімді жем-шөппен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, мал азығы базасын нығайту алдағы уақытта өңірдегі мал басын арттыруға жағдай жасап, мал шаруашылығының тұрақты дамуына ықпал етуі мүмкін.

Жобаны іске асырудың тағы бір маңызды бағыты – өндіріс шығындарын азайту. Жем-шөптің қолжетімді болуы мал шаруашылығы өнімдерінің өзіндік құнын төмендетуге мүмкіндік беріп, тұрғындар үшін ет, сүт және басқа да әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің қолжетімділігін арттыруға оң әсерін тигізуі ықтимал.

Кездесу қорытындысы бойынша басқарма басшысы ұсынысты қарастыратынын жеткізді. Аджағы уақытта бастаманың тиімділігін бағалау және оны іске асыру тетіктерін айқындау үшін тиісті мамандарды тарта отырып, ұсынысты жан-жақты пысықтау жоспарланып отыр.