Павлодар облысында мал мен құстың саны цифрланады

Павлодар облысында мал мен құстың саны цифрланады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өңірде ұлттық ауыл шаруашылығы санағы өтеді. Онда өңіріміздің 63 мыңнан астам үй шаруашылығын қамту жоспарлануда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы 2025 жылдың 1 тамызы мен 20 қазаны аралығында өтеді. Бұл елдің аграрлық секторының жай-күйі туралы өзекті деректерді алуға бағытталған ауқымды статистикалық зерттеу.

Санақ деректері тиімді мемлекеттік саясат құру, ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдау, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және халықаралық міндеттемелерді орындау үшін қажет. Санақты өткізу мерзімі ауыл шаруашылығы жұмыстарының маусымдылығын ескере отырып, ҚР Үкіметімен бекітілді.

ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы Жақан Жәкенов санаққа дайындық жұмыстары бір жарым жыл бұрын басталғанын айтады. Үкімет деңгейінде арнайы комиссия құрылды. Латвия, Америка Құрама Штаттары, Польша, Ресей, Өзбекстан, Ұлыбритания және Грузия сияқты елдердің статистика қызметтері мен Біріккен Ұлттар Ұйымының азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымымен консультациялық жұмыс кездесулері өткізілген. 

–  Өткен жылы біз пилоттық ауылшаруашылық санағын өткіздік. Онда ақпараттық жүйелерімізді, әдіснамамызды және дала жұмыстарын жүргізудің ұйымдастырушылық ерекшеліктерін сынап көрдік. Қазақстанда санақтың бұл түрі 2006-2007 жылдары өткізілген. Содан бері үлкен үзіліс болды. Ол кезде ауылшаруашылық санағы екі кезеңде жүргізілді: өсімдік шаруашылығы бір бөлек және мал шаруашылығы бір бөлек. Ал 2025 жылы барлығы бір мезетте өтеді, – деді Жақан Жәкенов. 

Сауалнамаға өсімдік, мал және балық шаруашылығымен айналысатын заңды тұлғалар, ЖК, фермерлік қожалықтар қатысуы тиіс. Сондай-ақ жеке қосалқы шаруашылық жүргізетін, бақшасы мен жер учаскесі бар, мал ұстайтын үй шаруашылықтары қатысады.

1-30 маусым аралығында респонденттердің тізімін нақтылау үшін өңіріміздің Ақсу және Екібастұз қалаларында үй шаруашылықтарын алдын ала аралау өтеді.

– Санақтың негізгі кезеңі 1 тамыз бен 20 қазан аралығын қамтиды және онлайн және офлайн кезеңдерге бөлінеді. Онлайн-кезең 1-31 тамыз аралығында sanaq.gov.kz сайтында өтеді, онда респонденттер санақ парақтарын өз бетінше толтыра алады. 20 қыркүйектен 20 қазанға дейін интервьюерлер онлайн сауалнамадан өтпеген үй шаруашылықтарына баратын болады, – деді департамент басшысы.

Санақ өңіріміздің 63 426 үй шаруашылығын және 7502 ауыл шаруашылығы өндірушілерін қамтуды жоспарлап отыр. Сауалнама өткізу үшін жұмыссыз азаматтар мен студенттер қатарынан, сондай-ақ, барлық ниет білдірген азамат санатынан 130-дан астам адамды жұмысқа тарту жоспралануда. 

– Қызметкерлерді қабылдау науқаны жүріп жатқанын жеткізгім келеді. Интервьюер мен нұсқаушы ретінде санаққа қатысқысы келетіндердің барлығы біздің 1446 байланыс орталығына өтініш қалдыра алады, – деді спикер. 

Азаматтарға ыңғайлы болу үшін ауылдық әкімдіктерде және аудандық статистика бөлімшелерінің интернетке қосылған өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтары ашылады. Кеңес алу үшін азаматтар sanaq.gov.kz сайтында sanaq-Myrza виртуалды көмекшісіне немесе 1446 байланыс орталығына жүгіне алады. 

Барлық кезең аяқталғаннан кейін департамен 2025 жылдың желтоқсанда санақтың алдын ала нәтижелерін жариялайды. Соңғы жиынтық деректер мен аналитикалық есептер ұлттық статистика бюросының сайтында көпшілікке 2026 жылы ұсынылады.