Павлодар облысында жұмыстағы жүктемесі артқан мемқызметшілердің құқығы қорғалды

Олардың белгіленген уақытынан тыс еңбек ету жағдайлары елеусіз қалған жоқ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаментінің негізгі жұмыс бағыттарының бірі –мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қалпына келтіру
Осылайша 2025 жылдың 1-жартыжылдығында қабылданған кешенді іс-шаралар нәтижелерімен 186 мемлекеттік қызметшінің құқығы қорғалды.
– Мысалы, мемлекеттік органдардағы жұмыс уақыты режимінің сақталуына мониторинг жүргізу кезінде 83 мемлекеттік қызметшіге тынығу сағаттары берілді. Яғни, олар күніне 2 сағат немесе айына 12 сағат артық жұмыс істеген. Көрсетілген заңбұзушылықтар үшін 8 басшы ҚР ӘҚБтК 89-бабының 1-бөлігі бойынша (Жұмыс уақытының нормасын заңсыз асыру) әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Олардың ішінде Павлодар қаласы, Ертіс, Май аудандарындағы бөлімдер басшыларына және бір әкім аппаратының басшысына ескерту берілді, – деді департаментте.
Егер шенеуніктер бұзушылықты қайталаса, онда оларға 40 АЕК мөлшерінде, яғни 157 280 мың теңге көлемінде айыппұл салынады.
Сондай-ақ, департаментпен жүргізілген мемлекеттік қызметшілердің іссапар шығындарын өтеу мәселелеріне қатысты талдау нәтижесінде 69 мемлекеттік қызметшіге 7,8 миллион теңгеден астам көлемдегі іссапар шығындары төленді.
Мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қалпына келтіру мәселесі департаменттің тұрақты бақылауында.