Павлодар облысында жылқылардың қырылуы туралы ресми хабарлама түспеген – АШБ
Облыс аудандарында мал қыстауын сәтті өткізу бойынша жұмыс топтары істейді, деп хабарлайды @qazaqstan.tv
Мәжіліс депутаты Нұржан Әшімбетов өзінің депутаттық сауалында ел өңірлеріндегі ауа райының қолайсыздығына байланысты мал шаруашылығындағы қолайсыз жағдай туралы мәлімдеді. Айтуынша, еліміздің бірнеше өңірінде – Ақмола, Қарағанды, Павлодар облыстарында негізгі жайылымдарды мұз басуына байланысты тебіндіктегі жылқылар қырылуда.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, барлық меншік нысанындағы ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшыларынан жылқылардың жаппай қырылуы туралы ресми хабарламалар түспеген.
– Малдың қыстау барысы үнемі бақылауда. Жылқылар тебіндікте. Жайылымдардың жекелеген учаскелерінде қар еріп, жаңбыр жаууы салдарынан көкөтайғақ болды, бұл жылқыларды, әсіресе жас жануарларды ұстау үшін белгілі бір қиындықтар туғызды. Жас және әлсіреген жылқылар жеке бөлінді. Азықпен қамтамасыз етілген. Ірі жем-шөптің ай сайынғы шығыны 165 мың тоннаны құрайды. Бүгінгі таңда 673,7 мың тонна қор бар және қыстау аяқталғанға дейін жеткілікті, – дейді басқармада.
«Павлодар «ӘКК» АҚ мал шаруашылығымен айналысатын облыстың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мен жеке қосалқы шаруашылықтарына қолдау көрсету үшін бес мың тонна көлемінде тұрақтандыру қоры (2-сыныпты арпа) құрылды.
Жемдік астық Павлодар қаласынан 3 500 тонна көлемінде 69 тг/кг бағамен және Ертіс ауданынан 1 500 тонна көлемінде Агашорын ауылынан 67 тг/кг бағамен сатылады.
Екібастұз қаласы ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандары, Ақкөл ауылдық округінің әкімі және Екібастұз қаласы қалалық мәслихатының депутаты Ақкөл ауылдық округінде малдың қыстау барысына мониторинг жүргізген. Ірі жем-шөп қоры жеткілікті және 11 мың тоннаны құрайды. Облыстың тұрақтандыру қорынан Зеленая Роща ауылына 30 тонна жемдік астық жеткізілді.
Ақтоғай, Железин және Ертіс аудандарында ауыл және ауылдық округ әкімдерімен кеңестер өткізілді. Әлсіз жас жылқыларды жеке бөліп, тұрақтандыру қорынан жемдік астық сатып алуға қосымша тізім жіберілген.