Павлодар облысында мас жүргізушілер тізгіннен айырылды

Павлодар облысында мас жүргізушілер тізгіннен айырылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Полицейлер «Қауіпсіз жол» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, екі күн ішінде облыста жол қауіпсіздігі саласында 451 құқық бұзушылық тіркелді, оның ішінде 18 жүргізуші мас күйінде көлік жүргізген.

– Мәселен, Павлодар қаласында Естай көшесінде тоқтатылған «Renault Logan» жүргізушісінің мас болғаны медициналық куәландыру арқылы анықталды. Ал Ақсу қаласында Набережная көшесінде тоқтатылған «Mitsubishi Galant» жүргізушісінің есірткіге мас күйінде болғаны белгілі болды. Өрескел құқық бұзушылықтар үшін жүргізушілер жауапқа тартылып, материалдар сотқа жіберілді. Көліктер арнайы тұраққа қойылды, – делінген хабарламада.

Сонымен қатар, жол жүру ережелерін бұзған 116 жаяу жүргінші, қауіпсіздік белдігін тақпаған 83 жүргізуші, жаяу жүргіншілерге жол бермеген 25 жүргізуші және бағдаршамның қызыл түсіне өткен 13 жүргізуші анықталды. Техникалық тексеруден өтпеген 11 көлік тіркелді. Түрлі құқық бұзушылықтар үшін 29 автокөлік айып тұрағына жеткізіліп, 8 мемлекеттік нөмір тәркіленді.

Полиция департаменті жол қозғалысы ережелерін сақтауға шақырады және жолдағы немқұрайлылықтың қайғылы салдарға әкелуі мүмкін екенін ескертеді.