Павлодарда психотроптық заттарды тұтынатындардың саны азаймай тұр
Былтыр есірткі құралдарының заңсыз айналымына қатысты мыңға жуық әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, 2025 жылдың наурыз айынан бастап Қазақстанда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің жаңа нормасы – 440-1-бап, яғни есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын, сондай-ақ күшті әсер ететін заттарды медициналық емес мақсатта тұтыну туралы бап қолданысқа енгізілген. Бұл шара есірткі қолдану фактілерін анықтауға, жол қауіпсіздігін арттыруға, құқықтық тәртіпті нығайтуға және салауатты қоғам қалыптастыруға бағытталған.
– Өткен жылы полиция тарапынан есірткі құралдарының заңсыз айналымы саласында 892 әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесілді. Оның ішінде есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын, сондай-ақ күшті әсер ететін заттарды медициналық емес мақсатта тұтыну бойынша 231 факт тіркелді. Барлығы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – делінген хабарламада.
Мәселен, Баянауыл ауданы Майқайың кентінде жүргізуші көлік құралын есірткіге мас күйінде басқарған. Бұл факт медициналық куәландырумен расталды. Ер адам өз үйінде каннабис тектес есірткі затын қолданғанын түсіндірді. Жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылып, сот шешімімен оған 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.
- Осыған ұқсас тағы бір оқиға болды. Онда ер адам қонақүй бөлмесінде синтетикалық тектегі психостимуляторды тұтынып, кейін автокөлік тізгініне отырған. Сот қарауының нәтижесінде оған 10 тәулікке әкімшілік қамау түріндегі жаза тағайындалды, - дейді тәртіп сақшылары.
Тәртіп сақшылары есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын, сондай-ақ күшті әсер ететін заттарды медициналық емес мақсатта тұтынғаны үшін жауапкершілік Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 440-1-бабында көзделгенін ескертеді. Егер мұндай әрекет қылмыстық құқық бұзушылық белгілерін қамтымаса, жеке тұлғаға 40 АЕК мөлшерінде айыппұл немесе 10 тәулікке дейінгі әкімшілік қамау жазасы қарастырылады. Ал аталған құқық бұзушылық әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталанған жағдайда, жауапкершілік күшейтіледі. Бұл жағдайда 80 АЕК мөлшерінде айыппұл немесе 20 тәулікке дейін әкімшілік қамау көзделген.