Павлодар облысында мың жарымнан астам шетелдік саусақ іздерін базаға тіркеді
Заңға сәйкес Қазақстан азаматтығы жоқ адамдар міндетті дактилоскопиялық тіркеуден өтуге тиіс, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 1 қаңтардан бастап өңір аумағында бұл рәсімнен 1591 шетелдік өтті.
«Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы» Заңға сәйкес Қазақстан Республикасында уақытша, тұрақты тұруға рұқсат немесе виза алу үшін жүгінген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды міндетті дактотіркеу көзделген.
– Көші-қон қызметінің әрбір бөлімшелерінде нұсқаулыққа сәйкес саусақтары мен алақандарын орналастыратын жабдық орнатылған. Дактилоскопия өткеннен кейін қызмет алушыға халыққа қызмет көрсету орталығына немесе аумақтақ көші-қон қызметі бөлімшелеріне құжаттарды тапсыру үшін бекітілген үлгідегі анықтама беріледі, – деді департаментте.
Сонымен қатар, шетелдіктердің немесе азаматтығы жоқ тұлғалардың міндетті дактилоскопиялық тіркеуден өтуден бас тартуы Қазақстан Республикасының аумағынан әкімшілік жолмен шығаруға әкеп соғады.