Павлодарда кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған жаңа жоба басталды

Павлодарда кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған жаңа жоба басталды
Фото: жасанды интеллект

«Jebe» қоғамдық бірлестігі облыстық кітапханамен бірлесіп «Парасат» оқырман клубын ашты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жобаның негізгі мақсаты – кітап оқуға қызығушылық танытатын жандарды бір ортаға жинап, тұрақты оқырман қауымын қалыптастыру. Клуб мүшелері ортақ таңдалған кітапты оқып, кейін бас қосып, шығарма мазмұны мен негізгі идеясын талқылайды. Сондай-ақ, әр қатысушы кітаптан алған әсері мен өзіндік ойын ортаға салып, пікір алмасады.

«Jebe» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Оразбек Саяхаттың айтуынша, кітап клубын құру идеясы бұған дейін де ойда болған. 

– Жалпы, бұл жоба бұрыннан ойымызда жүрген. Бірлесіп кітап оқып, оны бірге талқылайтын орта қалыптастырсақ дегенбіз. Енді уақыты келіп, облыстық кітапханамен бірлесіп жүзеге асырып жатырмыз. Қазір клубқа мүшелер жинап жатырмыз, – дейді Оразбек Саяхат.

Клуб жұмысы кітап оқумен ғана шектелмей, шығарманы терең түсінуге, сыни ойлау мен пікір алмасу мәдениетін дамытуға бағытталмақ. Ұйымдастырушылар әр кітаптың мазмұнын талқылау арқылы қатысушылардың өз ойын еркін жеткізуіне және түрлі көзқарастарды тыңдауына мүмкіндік беруді көздейді.

Бұл бастама кітап оқу мәдениетін дамытуға бағытталған мемлекеттік деңгейдегі жұмыстармен де үндесіп отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру мәселесіне назар аударған болатын. Осы бағыттағы бастамаларды өңірлік деңгейде қолдау мақсатында түрлі жобалар қолға алынуда.

«Парасат» клубының ұйымдастырушылары да осы бағыттағы жұмыстарға өз үлесін қосып, кітап оқуды күнделікті дағдыға айналдыруды мақсат етіп отыр.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, клубтың алғашқы отырысын жақын арада өткізу жоспарланып отыр. Оған кітап оқуды жақсы көретіндермен қатар, кітап оқуға ниеттеніп жүрген, алайда тұрақты түрде оқуға уақыт таба алмай жүрген жандар да қатыса алады.

«Бірге кітап оқып, бірге талқылайық» деген ұстанымды негізге алған клубқа қосылғысы келетіндер 8 707 996 03 02 телефон нөмірі арқылы хабарласа алады.