Павлодар облысында мұз кептелісінің алдын алу үшін жарылыс жұмыстары жүргізілді
Құтқарушылар өзен арнасын кеңейтіп, елді мекендерді су басу қаупін азайту шараларын қолға алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық «112» қызметінің мәліметінше, Ақтоғай ауданына қарасты Шолақсор ауылы маңында өзен арнасының тарылған үш учаскесінде жарылыс жұмыстары ұйымдастырылды.
– Жарылыс жұмыстарының жалпы әсер ету аумағы шамамен 1000 шаршы метрді құрады. Бұл шаралар өзен арнасының өткізу қабілетін арттырып, су басу қаупін төмендетуге бағытталған, – делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта Сілеті өзенінде де алдын алу жұмыстары жалғасуда. Жедел-құтқару жасағының қызметкерлері мұз кептелісін болдырмау үшін мұзды кесу және бұрғылау жұмыстарын жүргізуде. Бүгінгі күні 40 метр мұз қабаты кесіліп, 96 жерде мұз бұрғыланды.
Құтқарушылар жағдайдың тұрақты бақылауда екенін және алдын алу шаралары жалғасып жатқанын хабарлады.