Павлодар облысында орман шаруашылықтарын қаржыландыру үш еседен аса өсті
Жыл қорытындысы бойынша облыстық орман шаруашылығы базаларының материалдық жабдықтау көрсеткішін 58-ден 72%-ға дейін арттыруға қол жеткізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ағымдағы жылы облыстық мекемелерді материалдық-техникалық жарақтандыруды қаржыландыру өткен жылмен салыстырғанда үш еседен астам өскен.
Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиында облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Айгерім Қабылтаева мәлім етті.
– Облыстық бюджеттен шамамен 900 миллион теңге бөлінді. Орман шаруашылықтары КамАЗ базасында бес өрт сөндіру автоцистернасын, бес шағын орман патрульдік кешенін, 33 мотоцикл, 101 рация, 11 ағаш отырғызу машинасын, 6 соқа сатып алды. Сондай-ақ, тағы бес шағын орман патрульдік кешенінің жеткізілуі күтілуде, – деді Айгерім Қабылтаева.
Басқарма басшысының айтуынша, келесі жылы тағы төрт өрт сөндіру автоцистернасын сатып алу жоспарланған. Осылайша, өрт сөндіру машиналарымен жарақтандыру орман орналастыру жобаларының нормативтеріне сәйкес 100% құрайды. Үш орман шаруашылығына он бес техника алынады.