Павлодар облысында отыз мыңнан астам көшеттер отырғызылады
Сәуірдің аяғында ағаштарды, жасыл желектерді санитарлық тазалау, кесу және отырғызу жұмыстары басталады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиында энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Ержан Иманзайыпов айтты.
– 27-ші сәуірде «Бүкілқазақстандық ағаш отырғызу күні» экологиялық акциясы өтеді. Науқан аясында 30 мыңнан астам ағаш пен көшет отырғызылады,– деді Ержан Иманзайыпов.
Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбековтың сөзінше, Благовещенск соборына қарама-қарсы орналасқан саябақта 250 дана ағаш көшеті отырғызылатын болады. Сондай-ақ, жасыл белдеу құру үшін сегіз мыңнан астам көшет «Фрегат-1» саяжайы мен «Қазақстан алюминийі» АҚ арасындағы аумаққа және 1500-ден астам көшетті қалалық учаскелерде отырғызу жоспарлануда.
Ақсуда саябақ аумақтарында қаланың құрметті азаматтары, мектеп түлектері бірлесіп 240 ағаш көшеттерін отырғызады. Ал Екібастұзда он мыңнан астам көшет отырғызу, 12 мыңнан аса ағашты әктеу, қала тұрғындары үшін бес мың көшет тегін тарату көзделген.
Облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Әйгерім Қабылтаеваның айтуынша, ірі кәсіпорындар да шетте қалмай санитарлық қорғау аймақтарында 21 мың жасыл желекті отырғызу жұмыстарымен айналысады. Бұдан бөлек, көктемде уақытша тұқымбақтарда өсірілген жасыл желектер орман алқаптарына отырғызылады.
Асайын Байханов қала мен аудан әкімдеріне жасыл екпелерді суару және күтіп ұстауды қатаң бақылауға алуды тапсырды.