Павлодар облысында Сілеті өзенінде мұз жару жұмыстары жүргізілді

Павлодар облысында Сілеті өзенінде мұз жару жұмыстары жүргізілді
Фото: Павлодар облысының төтенше жағдайлар департаменті

Ақтоғай ауданында су тасқынының алдын алу үшін өзен арнасында профилактикалық шаралар қолға алынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, мұзды бұзу өзен арнасының өткізу қабілетін арттырып, су деңгейінің күрт көтерілуіне жол бермейді. Бұл әсіресе қар еріп, мұз қозғала бастаған кезеңде маңызды.

– Сілеті өзені Ақмола, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары арқылы өтетіндіктен, мұндай жұмыстарды уақтылы жүргізу тасқын судың қауіпсіз өтуіне мүмкіндік береді. Өңірде Шолақсор ауылы ерекше бақылауда, себебі мұз кептелісі кезінде су басу қаупі жоғары, – деді мамандар.

Жарылыс жұмыстары өзеннің тар үш учаскесінде жүргізіліп, жалпы ауданы шамамен 1000 шаршы метр аумақ қамтылды. Мұз қабатын әлсірету үшін 126 килограмм жарылғыш зат пайдаланылған.

Сонымен қатар, өзенде жедел құтқару тобы кезекшілік атқарады. Қажет болған жағдайда мұзды ұсақтау және кесу жұмыстары жүргізіледі.

Барлық шаралар облыс әкімі бекіткен су тасқынына дайындық жоспарына сәйкес іске асырылуда.