Полицейлер мас күйінде көлік айдаған Успен тұрғынын ұстады
Ол жүргізуші куәлігінен жеті жылға айырылады , деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Павлодар-Успен автожолында полицейлер «KiА SPORTAGE» маркалы автокөлігінің жүргізушісінің әрекеттеріне күдіктеніп, машинаны тоқтатқан. Көліктің жүргізушісі ішімдік ішекені анықталды. Успен аудандық ауруханасында әйел адамның орташа мас күйде болғаны расталды.
– 45 жастағы әйел Павлодар қаласына бет алған. Бірақ ол алысқа кете алмады, өйткені ауылдан шыққан кезде оны полиция қызметкерлері ұстады. Аталған факті бойынша ауыл тұрғынына қатысты ҚР ӘҚБтК 608-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды, – дейді Успен ауданы полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары Арман Ашренов.
Соттың шешімі бойынша мас күйінде көлік жүргізгені үшін ауыл тұрғыны осы бап бойынша жауапқа тартылып, жеті жылға жүргізуші куәлігінен айырылды.
Айта кету керек, жыл басынан бері Павлодар облысында алкогольдік мас күйінде автокөлікті басқарғаны үшін 668 көлік айдаушы жүргізуші куәлігінен айырылған болатын.
Фото: Константин Шелков