Павлодар облысында студентке қол көтерген оқытушы жұмысынан айырылды (ВИДЕО)

Павлодар облысында студентке қол көтерген оқытушы жұмысынан айырылды (ВИДЕО)
pexels.com

Оқиға Павлодар қаласындағы монтаждау колледжінде орын алған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Әлеуметтік желіде шәкіртін белгісіз затпен ұрып жатқан ұстаздың видеосы тарады. Онда Павлодар қаласындағы монтаждау колледжінің арнайы тәртіп пәнінің мұғалімі кәмелет жасқа толмаған жасөспірімді соққыға жыққаны анық көрінеді. 

Осы оқиғаға қатысты монтаждау колледжінің директоры Рeнат Дүйсекенов ата-аналардан кешірім сұрап, аталған оқиғаға қатысты өз пікірін білдірді.  

- Бүгінгі күні орын алған келеңсіз жағдай бойынша Павлодар монтаждау колледжі әкімшілігі шұғыл шаралар қабылдап, бірқатар жұмыстар жүргізді. Әрине, ешқандай мұғалімге ешбір баланың құқығын таптауға, балаға қарата ауыр сөздер айтуға, қол жұмсап, күш көрсетуге жол берілмейді. Бұндай әрекеттер Қазақстан Республикасының заңнамаларына сай қарастырылып, шаралар қабылданады. Әлеуметтік желіде таралған бейнематериал негізінде баланы ұрып-соққан оқытушы-мұғалім де жауапқа тартылып, бала, ана-ана, қоғам алдында жіберген өрескел қателігі үшін жаза тартып отыр, - деді ол.

Колледж директоры ұстаздың бұл қылығы педагогикалық әдеп кеңесінің отырысында шұғыл қарастырылып, оқытушы-мұғалім кінәлі деп танылып, бүгінгі күні жұмыстан бостылғанын мәлімдеді. 

- Сонымен қатар, зәбір көрген оқушымен, оның ата-анасымен колледж әкімшілігі байланысқа шығып, кеткен қателік пен озбырлық әрекет үшін кешірім сұрады, екі жақты оңтайлы келісімге келіп, әкімшілік тарапынан олқылықтың орнын толтыруға күш салатынын айта кеткіміз келеді. Сонымен қатар, барлық облыс пен қала тұрғындарынан, колледж студенттерінен, жалпы қоғамнан оқытушы-мұғалімнің тарапынан кеткен өрескел қателік үшін кешірім сұраймыз, - деді Рeнат Дүйсекенов.

Ал облыстық полиция департаменті бұл факт бойынша полицияға ешкім жүгінбегенін мәлімдеді. Деседе осы бейне бойынша полиция тексеру жүргізуде. Факт Павлодар қаласы полиция бөлімінің оңтүстік полиция бөлімінде тіркелген.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Есенбек Санатұлы (@esen_bek)