Павлодар облысында су объектілеріне кедергісіз қол жеткізуді қамтамасыз ету тапсырылды

Жеке жағажайларда болғаны үшін ақы алу туралы шағымдар жиілеген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыс әкімінің орынбасары Айгерім Қабылтаева осыған байланысты аймақ басшысы Асайын Байхановтың тапсырмасы бойынша қалалар мен аудандардың әкімдіктерімен жұмыс кеңесін өткізді.
Кеңес қорытындысы бойынша су заңнамасына сәйкес халықтың су объектілеріне кедергісіз қол жеткізуін қамтамасыз ету жөнінде тапсырма берілді.
– Су объектілерін рекреациялық мақсаттар үшін пайдалану жалпы су пайдалану тәртібімен өтеусіз негізде жүзеге асырылады. Жағажайда көрсетілетін қосымша қызметтер үшін ғана ақы алынуы мүмкін, мысалы, жаппай демалу орындарын абаттандыру, тазалау, шезлонгтарды жалға алу және тағы басқаларында, – деді Айгерім Қабылтаева.
Жалпы, облыс аумағында халықтың жайлы және қауіпсіз демалуы үшін су объектілерінде 47 жаппай демалыс орны бекітілді, оның ішінде 27-сі – коммуналдық және 20-сы – жеке.
Су айдындарындағы қауіпсіздік ережелеріне сәйкес адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін шомылуға арналған орындар белгілермен және қалтқылармен белгіленеді.
Облыс тұрғындарынан тек арнайы бөлінген және жабдықталған орындарда демалуды, судағы қауіпсіздік ережелерін сақтауды сұрайды.