Павлодар облысында су саласында заңбұзушылық анықталды

Павлодар облысында су саласында заңбұзушылық анықталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Ертіс бассейні аумағында су қорғау аймақтары мен жолағында өз бетінше салынған 13 нысан  жойылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінің Ертіс бассейндік су инспекциясы мемлекеттік бақылау шеңберінде заңсыз салынған нысандар үшін алты субъектіні әкімшілік жауапкершілікке тартты.

– Ертіс бассейндік су инспекциясының мамандары су қорын қорғау және пайдалану саласындағы заңбұзушылықтарды анықтау және жолын кесу бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Жаңа Су кодексінде енгізілген мемлекеттік бақылау саласындағы жаңа өкілеттіктер инспекторларға азаматтардың өтініштері мен су заңнамасын бұзу фактілеріне жедел әрекет етуге мүмкіндік береді, – деді Ертіс бассейндік су инспекциясының басшысы Медет Жәдігерұлы.

Нәтижесінде, соттың бірінші инстанциясының шешімімен нысанды жою туралы шешім шығарылды, оның ішінде 8-і Абай облысында, 4-еуі Шығыс Қазақстан облысында, 1-еуі Павлодар облысында. Сонымен қатар құқық бұзушыларға жалпы сомасы 9 338 501 теңге көлемінде айыппұл салынды.