Павлодар облысында суды тиімді пайдалану мәселесіне арналған экосағат өтті
Қазақстанда су ресурстарын ұтымды пайдалану мен қорғау бүгінде стратегиялық маңызға ие, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Торайғыров университеті базасында «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы аясында «Суды үнемде - болашақты сақта» атты экосағат өтті. Кездесудің мақсаты - суға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру, экологиялық сауаттылықты арттыру және суды тиімді пайдалануды насихаттау.

Талқылауға салалық ведомстволардың өкілдері, өңірдегі төрт жоғары оқу орнының оқытушылары мен студенттері, сондай-ақ колледж студенттері онлайн форматта қатысты. Спикерлер қатарында ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі аппаратының басшысы Дәурен Қазантаев пен облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Сайран Төлеутаев болды.
Дәурен Қазантаев суды үнемдеу табиғатты қорғаудың маңызды тетіктерінің бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстанда су сапасын сақтау бағытында 160-тан астам кешенді іс-шараны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар жастарды экологиялық жауапкершілікке тарту және еріктілер қозғалысын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде.
Сайран Төлеутаев өңірде атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Басым бағыттардың қатарында жаңа Су кодексінің нормаларын енгізу, Ертіс өзенін тазарту және суды үнемдеуге бағытталған бастамаларды жүзеге асыру бар.
Сарапшылар суды ұтымды пайдалану қоғамның күнделікті мәдениетінің ажырамас бөлігіне айналуы тиіс екенін атап өтті.