Павлодар облысында тағы бір білім ошағы пайдалануға берілмек
Нысанды мамыр айының соңында тапсыру жоспарлануда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин Байет ауылдық округіндегі Атығай ауылында бой көтеріп жатқан екі қабатты жаңа мектептің құрылыс жұмыстарының қазіргі барысымен танысты.
– Атығай ауылындағы 120 орындық мектеп құрылысы аяқталуда. Жұмыстардың барысымен және нысанның қазіргі жағдайымен таныстым. Маңызды әлеуметтік жоба Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың қолдауымен жүзеге асырылуда. Бүгінде ішкі әрлеу жұмыстарының соңғы кезеңі жүргізілуде, кіреберіс тобының алаңы қапталуда, сондай-ақ қажетті жабдықтар жеткізілуде, - деді ол.
Шаһар басшысының айтуынша, жоба ауыл балаларына заманауи әрі қолайлы білім алу жағдайын жасауға мүмкіндік береді. Барлық жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде. Дайын нысанды мамыр айының соңында тапсыруды жоспарлауда.
Еске сала кетейік, мектепті кеңейту ауыл тұрғындарының бірнеше жылдық өтінішінен кейін былтыр мүмкін болды. Бүгінде ауылда халық саны артып келеді. Мектепте заманауи құрал-жабдықтары бар оқу кабинеттерімен қатар, спорт зал және балалар ойын алаңы орналасатын абаттандырылған аумақ жоспарланған.