Павлодар облысында тасымалдаушылар үшін электрондық кезек қолжетімді болады

Енді онлайн брондау арқылы РФ шекарасын өту уақытын алдын ала белгілеуге болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық МКД түсіндіру жұмысы және Байланыс орталығы басқармасының мәліметінше, 9 маусымнан бастап Ресей Федерациясымен шекарадағы «Амангелді» автомобиль өткізу пунктінде CarGoRuqsat электрондық кезегі іске қосылады. Бұл жүйе шекарадан өту үдерісін жылдам әрі ашық етуді көздейді.
Қазіргі уақытта CarGoRuqsat жүйесі Павлодар облысындағы «Найза», «Шарбақты», «Урлютөбе» және «Қосақ» өткізу пункттерінде сәтті жұмыс істеп тұр.
Қазақстан аумағынан шығуды жоспарлаған тасымалдаушылар https://cgr.qoldau.kz/ru/start сілтемесі арқылы жүйеге тіркеліп, өтінім беріп, қажетті деректерді толтырып, шекарадан өту уақытын алдын ала брондауы тиіс. Өтінім мақұлданғаннан кейін тасымалдаушы көрсетілген уақытта өткізу пунктіне келуі қажет.
CarGoRuqsat жүйесі жүк көліктерінің жиналуын азайтып, мемлекеттік кірістер органдарына тәуекелдерді басқару жүйесін автоматты режимде қолдануға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жүйе 17 мемлекеттік ақпараттық базаға біріктірілген, бұл тасымалдаушыларға айыппұлдар мен қарыздарды тексеруге және қажетті құжаттарды алдын ала рәсімдеуге мүмкіндік береді.
Электрондық кезек жүйесі бүгінде Қазақстанның Қытай, Өзбекстан, Түркіменстан және Ресей шекарасындағы өткізу пункттерінде сәтті қолданылып жатыр.
Қосымша ақпарат алу үшін 8-800-080-7777 телефоны бойынша хабарласуға болады.