Павлодар облысында телефон қолданған үш жүз жүргізуші жазаланды
Құқық бұзушыларды камера анықтауда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Жыл басынан бері өңір аумағында 69 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан бес адам қаза тауып, 105 адам түрлі жарақат алды. Бұл туралы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінде мәлім етті.
– Жол-көлік оқиғаларының негізгі себептерінің бірі – қауіпсіздік белдігін тақпау және көлік құралын басқару кезінде ұялы телефонды пайдалану. Мәселен, Павлодар қаласында жедел басқару орталығының бейнекамералары қозғалыс кезінде ұялы телефон қолданған және қауіпсіздік белдігін тақпаған жүргізушілерді тіркеді. Барлық құқық бұзушылар анықталып, заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылды, – деді ведомствода.
Биыл көлік басқару кезінде ұялы телефон пайдаланғаны үшін 305 жүргізуші, ал қауіпсіздік белдігін қолданбағаны үшін 399 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылған.